Ассалаумағалайкум! Кейде адамға ауыр қиындықтар келген кезде ол сынақ емес, жасаған күнәләрі үшін жаза ретінде келу мүмкін бе?
Қиындықтар күнәмнің жазасы ма?
|

Әлхамадулилләһ, уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Құрметті сауал жолдаушы!
Қиындықтардың көбі адамның жасаған күнәсінің нәтижесі. Құран Кәрімдегі қасиетті аяттың бірінде Алла Тағала былай деп ескертеді:
وَمَا أَصَابَكُم مِّن مُّصِيبَةٍ فَبِمَا كَسَبَتْ أَيْدِيكُمْ وَيَعْفُو عَن كَثِيرٍ
«Бастарыңа қандай қиындық келсе де, ол өз қолдарыңмен істегендеріңнен. (Алайда) Алла көбін кешіреді»1.
Яғни, аяттың айтпағы: Ей, адамдар! Осы дүниеде бастарыңа немесе отбасыларыңа яки мал-дүниелеріңе келген қандай да бір кесапат, пәле - ол жасаған күнәләрыңның жазасы. Қайта Алла Тағала көп қылмыстарыңды кешіріп, көбіне жаза бермейді2 деп тұрғандай.
Тәпсірші ғалым Имам Табари (р.а.) келтірген риуаятта атақты табиғин Қатада былай деп хадис жеткізген. Табиғин Қатада (р.а.) жоғарыдағы аятты оқып, артынан:
«Бізге жеткен хадис бойынша, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: Адам баласын ағаштың бұтағы сырып кетсе де, аяғы шалынса да, тамыры қатты соғып кетсе де, ол - күнәсі себепті болады. Алайда, көп күнәсін (жазаламай) кешіріп жібереді».
Демек, басымызға бір қиындық түссе, ол - үлкенді, не, кішілі күнәларымыздың нәтижесі екен. Әйтсе де, Алла Тағала өзінің мейірімділігімен көп күнәмізді кешіріп, осылайша көп қиындықтан аман қалудамыз. Әйтпесе, әр күнәсі үшін адамның бәрін жазалай берсе, жер бетінде тірі жан қалмайтын еді. Бұл жайында басқа бір аятта былай делінген:
«Егер Алла адамдарды істеген істері үшін жазалай беретін болғанда, жер бетінде тірі жан қалдырмас еді!»3
Алланың ондағы мақсаты не?
Алланың ондағы мақсаты - пенделерінің күнәларын ақыретке жібермей, осы дүниеде жуып, шаю деп түсінгеніміз жөн. Тәпсірші ғалым Ибн Кәсир (р.а.) келтірген риуаятта Әзіреті Әли қасындағыларға:
«Сендерге Алланың кітабының ішіндегі ең абзал аятты айтайын ба?!- дейді де, сөзін былай жалғайды: «Алла елшісі (с.а.у.) бізге: «Бастарыңа қандай қиындық келсе де, ол өз қолдарыңмен істегендеріңнен. (Алайда) Алла көбін кешіреді» деген аятты оқыды да, артынан: «Әй, Әли, осы аятты саған түсіндіріп берейін» деп, былай деді: «Осы дүниеде ауру болсын, мейлі жаза болсын, мейлі ауыр сынақтар болсын - ол сендердің істеген істеріңнің нәтижесі. Бірақ Алла Тағала ол адамды ақыретте де екінші рет жазалаудан ұялады және Алла Тағала осы дүниеде кешірген күнәсін, ақыретте оны (күнәні) қайта қараудан кәрім» (яғни, осы дүниеде кешірген күнәсі үшін ақыретте қайта жазаламайды)» деді (с.а.у.)»4.
Және де келесі келтірер хадисіміз де мәселені адан да кеңірек аша түсері анық. Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисте, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
إذا كثُرَتْ ذنوبُ العَبدِ، ولم يَكُن لَهُ ما يُكَفِّرُها من العَملِ، ابتلاهُ اللَّهُ بالحُزن ليُكَفِّرها عَنهُ
«Пенденің күнәсі көбейсе және күнәларын жуып, шаятын ізгі амалдары болмаса, Алла Тағала оны қайғы-мұңмен сынайды, осылайша ол күнәсіна кәффарат болады (жуып, шаяды)»5.
Имран ибн Хусайн деген сахабаның (радияллаһу анһ) денесіне сынақ келеді (денесіне бір нәрсе шығады), оның көңілін сұрап келген кейбір достары денесіндегі сырқатты көріп: «Біз сендегі көріп тұрған нәрсеміз жүрегімізге батып жатыр» деді. Сонда ардақты сахаба оларға: «Сендер көріп тұрғандарыңа қайғырмаңдар, шынында сендердің көріп тұрғандарың күнә себепті шыққандар, ал Алла Тағаланың кешіргені қаншама!" дейді де, артынан мына аятты оқиды: «Бастарыңа қандай қиындық келсе де, ол өз қолдарыңмен істегендеріңнен. (Алайда) Алла көбін кешіреді».
Қорытынды
Қорыта айтқанда, бұ дүниедегі пенденің басына келетін қиындықтардың басым көпшілігі өзінің істеген кейбір күнәлары мен қателіктерінің нәтижесі екен. Алайда, мұның басқа бір жөні тағы бар. Ол не десеңіз - қиындықтар сол қателіктерінің кәффараты, яғни, кешірімі болмақ. Осылайша, Құдай пендесінің күнәсін ақыретке қалдырмай, осы дүниеде өтеп тастауын қалайды.
Осы тұрғыда «кейбір күнәсі» дедік. Оның мәні келесідегідей: пендеге әр күнәсі үшін қиындық бола бермейді, себебі Құдай Тағала көп жағдайда пендесін қинамай, пендесінің істеген күнәларының көбін кешіріп отырады, өйткені, күнә істеген сайын жазаласа, пендесі өмір сүре алмай кетер еді. Бұл да болса Жаратушының пенделеріне жасаған кеңшілігі мен мейірбандығы деп түсінгеніміз жөн.
Ислам дінінде мүмін адам басына түскен қиындықты Құдайдың сынағы деп түсініп, сабыр сақтауға тырысады, себебі әрбір қиындықтың арты жеңілдік боларына сенеді және қиналған сайын күнәлары кешіріп жатқанын біледі. Деседе, тәубе жасап, Құдайдың рахым есігінен ажырамайды.
Сөзіміздің соңында, мына мәселеге назар аудартқымыз келеді: егер қиындықтардың көбі біздің істеген күнәларымыз бен қателіктеріміздің жазасы болатын болса, демек бұл - күнәларды жуып, шаяр амалдарды көптеп істеуге ден қоюымыз керек дегенді білдірмек. Күнәларымыздың кешірілуіне септігін тигізер амалдарды істеп тұрсақ, қиындықтың да сирек келуін қамтамасыз еткен боламыз. Ол амалдардың кейбірі төмендегідей:
- Тәубе намазын жиі оқу.
- Шама-шарқынша садақа беріп тұру (хадисте садақаның күнәларды өшіретіндігі айтылады).
- Истиғфарды жиі айту.
- Уақтылы намаздарға ұқыпты болу. (Өйткені екі намаз аралығындағы күнәлар кешіріліп отырады).
- Дұға жасап тұру.
- Зікір, таспихат жасау.
- Құран оқу.
- Біреуге жақсылық жасау.
- Т.б.
Алла Тағала баршамызды күшіміз келмейтін сынақпен сынамасын! Қиындықтарды болдырмасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ислам діні өркендей берсін!
Абдусамат Қасым
1 Құран Кәрім, «Шура» сүресі, 30 аят.
2 Табари тәпсірі, Шура сүресі, 30 аят тәпсірі.
3 Құран Кәрім, «Фатыйр» сүресі, 45 аят.
4 Ибн Кәсірдің тәпсірі, «Шура» сүресі, 30 аят тәпсірі.
5 Имам Ахмед: «Мүснәд», №25275 хадис.