Қиямет қайым жақындағанда жабайы аңдар адамша сөйлейді деген хадис бар ма?
Қиямет қайым жақындағанда жабайы аңдар адамша сөйлейді деген хадис бар ма?
7 ай бұрын 3256

Ассалямуалейкум! «Жабайы андар адамдар сияқты сөйлемейінше қиямет болмайды» деген Тирмизиден келген хадис бар ма? Ерсейіт Жуматов.

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрметті сауал жолдаушы, сіз сұрап отырған мазмұнда сахих хадис бар. Ол хадис Имам Тирмизидің «Сүнәнінда» келтірілген. (Сүнән - хадис жинағы). Сахаба Әбу Саъид әл-Худри (р.а.) былай деп Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сөзін жеткізеді: 

(والَّذي نفسي بيدِهِ لا تقومُ السَّاعةُ حتَّى تُكلِّمَ السِّباعُ الإنسَ ، وحتَّى يكلِّمَ الرَّجلَ عذبةُ سوطِهِ ، وشراكُ نعلِهِ ، وتخبرَهُ فخِذُهُ بما أحدثَ أَهلُهُ بعدَهِ (صحيح الترمذي

«Жаным қолында болғанға ант етейін, аңдар адамдарға (адамша) сөйлемейінше және кісінің қамшысының сабы мен аяқ киімінің бауы оған тіл қатпайынша, әрі оның жамбасы ол кеткеннен соң үйінде оның отбасы (немесе әйелі) не істегені жайында баяндап бермейінше қиямет қайым болмайды»1.

Бұл хадисті қалай түсінуге болады? 

Қазіргі таңда кей жануарлардың адамша сөз сөйлегенін көріп жатырмыз, мысалы, қарғалардың «Аллаһу әкбар» деп айқайлауы, үй мысықтарының кейбір адамдардың сөздерін қайталап айтып қалғандарын әлеуметтік желіде тараған бейнероліктерден көруге болады. Бұл да болса Алла елшісінің (с.а.у.) жоғарыда айтқан хадисінің бір көрінісі болса керек. Және де, мысалы, болашақта күнделікті қолданылатын заттарымызға жасанды интеллект орнатылып, соның арқасында аяқ киімдеріміз де адамша сөйлеп кетуі ғажап емес. Бүгінде бір нәрсеге «мүмкін емес» деу мүмкін емес. Сондықтан да, қазіргі «жасанды интеллект» дамыған заманда хадистегі «қамшының сабына тіл бітеді және аяқ киімнің бауына тіл бітеді...» деген сөздің іс жүзінде көрініс табуының ауылы алыс емес деген ойдамын.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Уә ахиру даъуәнә әнилхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


1Имам Тирмизи: «Сүнән», №2181 хадис.