Әзіреті Әлидің 900 келілік қақпаны көтергені рас па?
Әзіреті Әлидің 900 келілік қақпаны көтергені рас па?
2 ай бұрын 3963

Ассалам алейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Әли ибн Абутолиб (р.а.) 900 кг есікті көтерген деген шын ба? Аско.

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Даналығы мен терең ойлылығына қарап «ілімнің қақпасы» деп аталған Әзіреті Әли - батыр, күшті-қуатты кісі болатын. Сіз сұрап отырған оқиға «Хайбар» яһудилерімен болған соғыста орын алған делінген. Хайбар соғысында Әзіреті Әлидің қақпаны жұлып алып, қалқан ретінде қолданғаны тарих кітаптарында айтылады.

Хайбар соғысында Алла елшісі (с.а.у.) қолбасшылықты Әзіреті Әлиге тапсырған еді. Әзіреті Әли мұсылман жасағын бастап, Хайбар қаласының қорғанына келеді. Яһудилерден Мәрхаб есімді батыр шығып, Әзіреті Әли екеуі жекпе-жек шығады. Мәрхаб үстіне екі қабат сауыт, басына екі сәлде орап алған болатын. Екеуі бір-біріне айбат шегер сөздер айтқаннан соң, арпалыс басталады. Көп ұзамай Әзіреті Әли Зүлфиқар қылышымен яһуди батырының басын қақ айырып, жер жастандырады.

Шайқас қыза түсіп, Әзіреті Әлидің қолынан қалқаны түсіп қалады. Сол мезетте Әзіреті Әли қорғанның қақпаларының бірін жұлып алып, алдынан келгенін қақпамен ұрып, жайпай береді. Ол жайында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) азатты құлы Әбурафиғ былай деп әңгімелейді:

«Алла елшісі (с.а.у.) туды Әзіреті Әлидің қолына беріп, қолбасшылықты оған тапсырғаннан соң, біз Әзіреті Әлимен бірге (Хайбар қорғанына) қарай беттедік. Қорғанға жақындаған тұста қаланың халқы (әскері) шықты. Әзіреті Әли олармен шайқасты. Яһудилердің бірі Әзіреті Әлиге соққы жасап, қолынан қалқаны түсті. Сол мезетте Ол (Әли ғалейһиссәләм) қорғанның қақпаларының бірін жұлып алып, қалқан ретінде қолданды. Яһудилер беріліп, қала алынғанға дейін Әзіреті Әлидің қолынан есік түспей шайқасты. Қала алынғаннан соң қолындағы қақпаны лақтырып жіберді. Қасымда жеті адам бар, мен сегізіншісімін. Біз Әзіреті Әли қалқанның орнына қолданған есікті төңкеріп тастайық деп көтергенімізде, төңкере алмадық» деп баян етеді Әбу Рафиғ (р.а.). Бұл мәлімет Ибн Һишәмның «Сиратун Нәбәуия» атты Пайғамбар өміріне қатысты жазылған кітабында келтірілген.

Қақпаның ауырлығы дәл 900 келі болмаса да, сегіз адам көтере алмаған қақпаның салмағы қаншалықты болғанын топшылай беруге болады. Осы мәліметтің басқа бір нұсқасында «қырық адам көтере алмады» делінеді.

Алайда бұндай тарихи бір оқиғаның орын алғандығына көп хадисші ғалымдар күмәнмен қарайды. Өйткені мұндай ақпарды жеткізуші кісілердің тізбегінде әлсіз риуаятшылар бары анықталған. Бірақ әлсіз десек те, біраз тарихшылар және әл-Байһақи мен әл-Хаким сынды хадисші ғалымдар өз кітаптарына келтіргеніне қарағанда, сондай бір оқиғаның орын алғандығын түбегейлі жалғанға шығару да орынсыз секілді. Оның үстіне алғашқы буын сахабалардың әрбірі он кәпір әскеріне татитындығы Құранда анық айтылады. Солардың ішіндегі ең күштілерінің бірі - Әзіреті Әли десек, сегіз адамның көтере алмаған қақпаны Әзіреті Әлидің көтере алуы ақылға қонымды деген ойдамыз.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Уа ахиру даъуанә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым