Қиямет күні адамдармен бірге жануарлар да тіріледі ме?
Қиямет күні адамдармен бірге жануарлар да тіріледі ме?
9 жыл бұрын 9315

Ассаламуалейкум! Осы жануарлар Қияметте тіріліп келе ме? Және тозақ пен жұмаққа бара ма? Азамат.

Уағалейкум ассалам, Азамат! Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Қиямет күні әркімнің ақысы иесіне сөзсіз қайтарылады. Тіпті мүйізсіз қойдың ақысын, оны сүзген мүйізді қойдан алып береді»[1], - дейді.

Тағы бір хадисінде Алла елшісі:

«Кімде-кім ермек  үшін (ғабәсән) бір шымшықты өлтірген болса, әлгі шымшық қиямет күні Аллаға: «Уа, Раббым! Түгенше мені құр ермекке өлтірді, мені жеу үшін өлтірмеді», – деп шиқылдайды»[2], - деген.

Яғни, хадистерге қарасақ, қиямет күні адам және жындармен қоса, жануарлар да тіріледі. Олардың да ақысын өзгеге жегізбей, сол күні алып береді. Бұл Ұлы Жаратушымыздың  әділ екендігінің бір белгісі.

Ал енді олардың ақылары алынып болғаннан кейін, қайда барады? Ғұлама Ибн Жәрир ат-Табари (м.ж. 838-923) өзінің әйгілі Құран тәпсірінде мынадай риуаят келтіреді.  Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен Хадисте Алла елшісі: «(Қиямет күні) Алла тағала өзінің жаратылыстарына , яғни жын, адам және жануарларға  қазылық етеді. Ол мүйізсіздің ақысын, мүйіздіден алып береді. Қашан ешкімнің ешкімде алашағы қалмаған кезде, Алла тағала оларға (жануарларға): «Топырақ боп кетіңдер», - деп бұйырады. Осыны көріп тұрған Кәпір: «Шіркін-ай, мен де топырақ боп кетсем екен», - дейді»[3]  - дей келе, жануарлардың ақысы алынып болғаннан соң, оларды топыраққа айналдыратынын айтуда. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

[1] Ахмед ибн Ханбәл: - №7163; Тирмизи - №2420 хадис.; Муслим: Китабул бирр – Бәбу Тахрими аз-Зулм - №4685 хадис.
[2]Әбу Дәуід, Китабуд Захая – №4446 хадис.
[3]Ибн Жәрир әт-Табари: Нәбә сүресі тәпсірі, 40-аят.

Абдусамат Қасым