Қайтыс болған адамның "жетісін" немесе "қырқын" берудің шариғатта негізі бар ма?
Қайтыс болған адамның "жетісін" немесе "қырқын" берудің шариғатта негізі бар ма?
8 жыл бұрын 139913

Əссаламуғалейкум уа рахматуллахи уа баракатух!

Құрметті islam.kz сайтының ұжымы. Сіздерге бір сұрағым бар. Қазақта адам қайтыс болған соң, жетісі, қырқы, елу екі күндігі деген сияқты жол-жоралғылары бар. Біреулер мұны орыстардан келген дейді. Бұған "Ислам шариғаты" не дейді екен? Алла разы болсын. Мағжан.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті Мағжан, 15 ғасырда Жәләлуддин әс-Суюти есімді әмбебап дін ғұламасы өмір сүрген (1445-1505 ж.). «Әмбебап» деуімнің себебі, ардақты ғалымның кітап жазбаған діни саласы жоқ шығар. Бұл ғалым бар болғаны 40 жылдық өмірінде фиқһ, хадис, тәпсір, тарих, араб тілі, кәләм, мантық (логика) т.б. ғылымдарына қатысты 600-ге жуық бағалы әрі ауқымды еңбектер жазып қалдырған.    

Сол еңбектерінің бірі «әл-Хәуии лиль Фәтәуә» атты кітабында, қабір әлеміне қатысты бөлімде ғұлама мынадай риуаяттарды келтіреді.

Елу шақты сахабадан тәлім алған,  табиғиндердің ұлық ғұламасы Таус ибн Қайсан былай деген:

«Шынында, мәйіттер (қабірге қойылғаннан соң) жеті күн бойы сынаққа дұшар болады. Осыған орай, олар (сахабалар) осы күндері сол мәйіттердің атынан ас беруді ұнамды санайтын».

Бұл риуаят Имам Ахмәд ибн Хәнбәлдің «Китабуз зуһд» атты кітабында риуаятшылар тізбегімен қоса келтіріледі.

Бұнымен қатар беделді хадисші ғұлама, фиқһ білгірі «сиқа», яғни, «сенімді» деген атаққа ие Абдуль Мәлик ибн Жүрәйх (80-150 х.ж.) өзінің еңбегінде табиғиндердің үлкені Убайд ибн Умәйр есімді ғұламаның (мұны сахаба дейтіндер де бар) былай дегенін жеткізген:

«Қабірде мүмін адам мен мұнафиқ адам сынаққа дұшар болады. Мүміннің сынағы – жеті күн. Мұнафиқтың сынағы – қырық күн».

Имам Суюти осы хадистерді ұзақ талқылай келе: «Таус немесе Убайд (р.анһума) сынды ұлық табиғиндердің қабір әлемі секілді тылсым құбылыстарды өз ойларымен айтулары  мүмкін емес. Ал, Хадис ғылымындағы қағида бойынша, ақірет, барзах әлемі секілді т.б. ақыл мен логикаға орын жоқ діни тақырыптарда келтірілген риуаяттардың үкімі – «мәрфуъ» болып табылады. (Яғни, риуаятшы кісі ол сөзін ашық Пайғамбар айтты демесе де, онысын «Пайғамбар айтқан» деп қабыл етіледі). Сондықтан да, Таус (р.а.) секілді сахаба көрген, сенімді табиғин ғұламалардың мұндай тақырыптарда айтқан сөзі – «Мәрфуъ мүрсәл» үкімінде болады. (Яғни, естіген сахабаның есімін атамай, тікелей «Пайғамбар айтты» деп риуаят еткен дерек ретінде есептеледі)», - деп аталмыш риуаяттардың негізге аларлықтай «сахих» екендігін айтып өтеді[1].

Демек, жоғарыдағы деректерге қарағанда, мәйіт жер қойнауына тапсырылғаннан соң жеті күн бойы періштелер тарапынан сұраққа алынады екен. Сондықтан да сахабалар сол күндері мархұмның атынан ас берілуін ұнамды әрекет ретінде санаған. Осыған орай, қазақ ұлтында дәстүр боп қалыптасқан «жетісін беру», «қырқын беру» атауымен белгілі рәсімдердің де түп-төркіні Ислами деректерге сүйенеді деуге негіз бар.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Имам Суюти: әл-Хәуи лил Фәтәуа, «Мәбхасуль Маъад». 

Абдусамат Қасым