Қайтыс болған адамның артынан жылауға болмайды дейді. Сол рас па?
Қайтыс болған адамның артынан жылауға болмайды дейді. Сол рас па?
7 жыл бұрын 74212

Сəлеметсіздер ме! Менің қояр сұрағым бар еді. Əкемнің қайтыс болғанына 5 айдан асып қалды. Бірақ әлі күнге дейін сенбей, сағынып жылаймын... Қайтыс болған адамның артынан көп жылауға болмайды дейді. Сол рас па? Рас болса неге? Балнұр. (сауал қысқартылып алынды).

Сәлеметсіз бе, Балнұр!

Әзіреті Омар шейіт етілгеннен кейін қызы Хафса (р.анһа) әкесін еске алып, жылайды екен. Сонда Омардың баласы Абдулла қарындасына: «Сабыр еткін, қызым. Мұхаммед пайғамбардың (ғалейһиссәләм): «Шынында, қайтыс болған адам (артынан) отбасының жылағаны себепті азапталады» деп айтқан сөзін білмейтінбе едің!" - деп ескерту жасайды[1].

Сіздің сұрап отырған сөздің төркіні осында жатыр.

Алайда, Айша анамыз (р.анһа.) бұл хадистің мұсылмандарға емес, кәпірлерге қарасты айтылғанын білдірген. Ол (р.анһа) әлгі риуаятты естігеннен соң: «Абдуррахманның әкесін Алла рахымына бөлесін. Естігенін дұрыс есте сақтай алмаған ғой. Ол сөз - бір Яһудиге қарасты айтылған тұғын. Пайғамбарымыздың жанынан бір яһудидің мәйітін жақындары жылап алып өтіп бара жатады. Сонда оларға Пайғамбар: «Сендер жылап жатсыңдар. Ал, ол азапталып жатыр», - деген-тін», - деп сахаба Абдулланың жеткізген хадисіне түзету жасағандығы хадис кітаптарында айтылады[2].

Басқа бір деректе Айша (р.анһа) былай дейді: «Шын мәнісінде, Алла елшісі әлдебір мұсылманды біреудің жылауы себепті азаптайды деп айтпаған. Оның (с.а.у.) айтысы: «Шынында Алла, кәпірдің азабын отбасының жылауы себепті арттыра түседі»[3].  

Қорытындылай келе, бақилық болған жақын адамына кімнің болса да жүрегі қайғырып, көзінен жас шығары сөзсіз. Құран Кәрімде: «Күлдіртетін де, жылататын да Алла Тағала» - делінеді[4]. Оның еш ағаттығы жоқ. Ағаттысы – жоқтау айту, айқайлап дауыс шығарып жылау, шектен шығу. Бұндай қылықтар дінімізде құпталмайды.

Жылауға рұқсат дегенмен де, таусыла берудің де қажеті жоқ. Ардақты сахаба айтқандай, сабырлы болған жөн. Әкеңіздің атынан шама-шарқыңызша садақа беріп тұрыңыз. Оқыған намаздарыңыздың, ұстаған оразаларыңыздың сауабын мархұмға да бағыштап тұрсаңыз артықтық етпейді. Ғалымдарымыздың айтуына қарағанда, ондайда бағыштаушыға да құлшылығының сауабы кемітілмей беріледі екен.

Алла өлілерімізге иман, тірілерімізге тауфиқ бергей!


[1] Сахих Мүслім: Китабуль Жәнәиз. №927.
[2] Сахих Мүслім: Китабуль Жәнәиз. №931.
[3] Сахих Мүслім: Китабуль Жәнәиз. №929.
[4] Нәжм сүресі, 43 аят. 

Абдусамат Қасым