Оразаға байланысты алты сұрақ...
Оразаға байланысты алты сұрақ...
6 жыл бұрын 59851

- Ораза кезінде «электрофарез» алса бола ма?  

- Электрофарез терінің сыртынан жасалатындықтан, оразаға зияны жоқ. Оған ораза бұзылмайды.  

- Менің бір кішігірім сұрағым бар еді, алдыңғы жылы ораза ұстап едім. Хайыз келіп, қарызды болып калдым. Былай ойлап қарасам артығымен 10 күнге жетпейтін сияқты. Не істесем болады?

- Ол күндердің қазасы өтелу керек. Рамазан айы кіріп қойған болса, Рамазан айынан кейінгі күндері өтеуге мүмкіндігіңіз бар. Қаза оразаларды ұстау да парыз. Әр жылғы қаза күндерді келесі Рамазанға жеткізбей тезірек өтеп тұрған дұрыс.

- Ораза кезінде шаш бояуға немесе қысқартуға бола ма? Сондай-ак, тырнақ бояу – оразаға кедергі ме?  

- Шаш бояу, шаш қысқарту немесе тырнақ бояу - оразаны бұзатын жағдайларға жатпайды. Алайда, намаз оқитын кісі үшін тырнаққа жағылған бояуы дәретіне және ғұсылына кедергі екендігін ұмытпағаны жөн.

- Сіздерден сұрайын дегенім, Ораза кезінде балаларға қатты ашуланып ұрысып, соғу оразаны бұза ма? Балаларым өте мазасыз сабырым жетпей қалады кейде.

- Оған ораза бұзылмайды. Дегенмен, сабырлы болған дұрыс. Пайғамбарымыз былай деп ескерткен: «Сендерден кімде-кім ауызы берік күйінше таң атырса (яғни, ауыз бекітсе), балағат сөз айтпасын. Надандық істер істемесін (ұрыс-керіс, айқай-шу т.б.). Егеряки, әлдебіреу онымен жаңжалдасып, төбелескісі келсе: «мен оразамын, мен оразамын» десін». ("Сахих Мүслім". №1151).

- Алғаш рет ораза ұстауға ниет етіп отырмын. Бірақ менде ораза уақытында сыныптастарыммен «маёвкаға» шыкпакшы едім. Сол күні ауызды аша тұрсам бола ма? Оны сосын қалай өтеймін?

- Ниетіңіз қабыл болсын. Алла сауаптан жазғай. Рамазан оразасын ұстау әрбір балиғатқа толған, мұсылман кісіге парыз. Оны тек кейбір зәру жағдайларда ғана ұстамауға рұқсат етіледі. Мысалы, сырқаттанып қалғанда, жолаушылық кезінде т.б. Ал, көкке шығып, «пикник» жасау ораза ұстамауға себеп емес. Сондықтан да, ол күні ауыз бекітпеуге болмайды.  

- Арақ-сыра сатылатын жерде жұмыс істеп жүріп, ораза ұстауға бола ма?  

- Ол жерде жұмыс істеуіңіз себепті ораза ұстаудан босатылмайсыз. Болашақта арақ-шарап сатылмайтын жерлерден жұмыс қарастыру жағын да ойластыра жүргеніңіз жөн.

Абдусамат Қасым