Ассалаумағалейкум! Бізде көлікпен зират жанынан өтіп бара жатқанда бет сипап жатады. Мұндай шариғатта бар ма? Яғни, қабірдің жанынан өтіп бара жатқанда бет сипау дұрыс па? Ернат.
Қабірдің жанынан өтіп бара жатып бет сипау дұрыс па?
|
Уағалейкумуссалам! Ернат, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті бойынша қабірге келген адам сол жерде жатқан әруақтарға Алладан кешірім тілеп, дұға етеді. Бұл – сауапты іс. "Сахих Мүслімде" риуаят етілген хадисте Жебрейіл періште Мұхаммед пайғамбарға (ғ.с.) «Бақиғ қабіріне[1] барып ол жердегі жатқандарға «истиғфар», яғни, кешірім тіле!» деген Құдайдың бұйрығын жеткізеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жебірейіл айтқан қабірге келіп, қолын көтеріп дұға етеді. Үйге оралысымен Айша анамыз: «(Қабірдегілерге) Не дейін?», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «(Қабірге барғанда) былай де: «Мүмин-мұсылман қабір иелеріне Алланың жарылқауы болсын! Алла Тағала біздің өлілерімізге де, тірілерімізге де рақым етсін. Алла қалаған күні біз де сендердің қатарларыңа қосыламыз»[2], – деп жауап берді.
Қазақтардың мұсылман қабірі қасынан өтіп бара жатып бет сипаулары хадистен шыққан дүние деуге болады. Алайда, тек бет сипап қана қоймай, сол жерде жатқандарға іштей Алладан рақым, жарылқау тілеген жөн. Сонда сіздің әрекетіңіз құр бет сипағандық емес, Пайғамбарымыздың сүннетін орындағандық болмақ.