Пейіште адамдардың жасы нешеде болады?
Пейіште адамдардың жасы нешеде болады?
7 жыл бұрын 9716

Ассаламуғалейкум! Жәннатта адамдардың жасы нешеде болады?

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Хадистерге қарағанда, пейіштегі адамдар отыз үш жаста болады. Сахаба Мұғаз ибн Жәбәлдан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Пейіш иелері пейішке денелері түксіз, иегі сақалсыз, қастары сүрмелі (қастары мен кірпіктері сүрме жаққандай қап-қара), отыз не отыз үш жаста болған күйі кіреді»[1].

Басқа бір риуаятта, бойларының ұзындығы - Адам атаның бойындай алпыс зираъ (шамамен 30 метр), түрлері - Юсуф пайғамбардың сұлулығындай сұлу, ал, жастары - Иса пайғамбардың жасындай отыз үш жасар болатындығы айтылған.  

Сондай-ақ, олар еш егде тартпастан сол жаста мәңгі қала бермек. Сахаба Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Алла елшісі былай дейді:

«Пейіштегілер – түксіз, сақалсыз және сүрмелі болады. Олардың жастықтары жойылмайды (қартаймайды), киімдері ескірмейді»[2].  

Жаратушы Жаббар Иеміз баршамызды жәннәт иелерінен еткей!


[1] Имам Тирмизи: Сүнән - №2484 хадис.
[2] Имам Тирмизи: Сүнән - №2478 хадис.

Абдусамат Қасым