Пайғамбарымыздың (с.а.у.) түр-сипаты, дене бітімі қандай болған?
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) түр-сипаты, дене бітімі қандай болған?
10 жыл бұрын 15179

Ассалмуалейкум, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) түр сипаты, бойы, денесі қандай болған? Әлде бұл тұрғыда әңгіме қозғауға болмай ма? Азамат

Уағалейкум ассалам, Азамат! Ардақты Пайғамбарымыздың түр-сипаты, жүріс-тұрысы, дене бітімі егжей-тегжейлі зерттелінген. Сол тұрғыда айтылған хадистер жинақталып жазылған еңбектер де бар. Мысалы беделді хадис ғұламасы Имам Тирмизидің (р.а.) «әш-Шәмә'илул Мухаммадия - Мұхаммедтік қасиет» атты еңбегін атасақ болады. Имам Тирмизи аталмыш еңбегінде Пайғамбарымызды жан-жақты сипаттаған 400-ге жуық хадис келтірген. Бұл еңбекке көптеген түсіндірмелер жазылды. Олардың арасында ең ауқымыдысы Ханафи ғұламасы хадисші әрі фиқһші Мулла Алиюл Қаридің (қ.ж.м.1606/х.1014ж.) «Жәмъул Уәсәил фи Шархиш Шәмә’ил» атты шархын (түсіндірмесін) атап өтсек болады.

Біз мұнда аталмыш кітапта айтылған хадистердің бірнешеуінде келтірілген сипаттамаларға тоқталатын боламыз:

Сахаба Әнәс ибн Мәліктің айтуы бойынша Алла елшісінің (с.а.у.):

  1. Бойы өзгеден ерекшеленіп тұрардай ұзын да, қысқа да емес еді  (яғни орта бойлы немесе орта бойлыдан сәл ұзын, бойшаңдау еді).  
  2. Реңі  боп-боз дейтіндей шамадан тыс әппақ та, қап-қара да емес.   Яғни, реңі қызыл шырайлы немесе қызыл мен ақтың қосындысындай.
  3. Шашы қатты бұйра емес не қатты түзу емес (толқындай төгілген еді).
  4. Шашы мен сақалында бірен-саран ғана ақ бар еді. Санмен білдіретін болсақ, шашындағы ақ пен сақалындағы ақ жиырмаға жетпейтін. 
  5. Жүргенде қадамын нық басатын.

Сахаба әл-Бәра’ ибн Ъазибтің айтуына қарағанда Алла елшісі (с.а.у.):

  1. Орта бойлы
  2. Кең иықты
  3. Құлағының жұмсағына жететіндей қалың шашы бар.

Әзіреті Әлидің айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.):

  1. Ұзын да, қысқа да емес еді.
  2. Қолдарының саусақтары, аяқтары ірі, алақандары етті (толық, тығыз, бірақ жұмсақ).
  3. Басы үлкендеу.
  4. Сүйегі ірі.
  5. Жүргенде қадамын нық басатын. Құдды еңісті жерден түсіп келе жатқандай.    
  6. Шаштары қатты бұйра да, түзу де емес, толқындай төгілген.
  7. Жүзі жылы.
  8. Бет сүйектері сорайған да, шығыңқы да емес.
  9. Дөңгелек жүзді (аса қатты дөңгелек емес).
  10. Реңі - аққа қызыл араласқан. Қызыл шырайлы.
  11. Қап-қара көзді. (яғни, көзі үлкен, жанары әппақ)
  12. Қалың қасты;
  13. Жауырыны қақпақтай.
  14. Бір нәрсеге қарағанда немесе біреуге сөйлейтін кезде, денесімен бұрылып қарайтын, тек басын ғана бұрып қоймайтын.
  15. Екі жауырының ортасында Пайғамбарлық мөрі бар еді.
  16. Кең пейілді
  17. Адамдардың ішіндегі ең - сенімдісі
  18. Адамдардың ішіндегі ең - жұмсағы;
  19. Текті болатын;
  20.  Біреу оны бірінші рет көргенде жасқануы мүмкін, бірақ жақын тани келе жақсы көріп кетеді.
  21. Оны сипаттағысы келген кісі сөз таппай, бір сөзбен: «Одан бұрын да, кейін де ондай адам көрмедім», - деп таңданады. 
Абдусамат Қасым