Пайғамбарымыздың (с.а.у.) есімі айтылған сайын Оған салауат келтіру уәжіп пе?
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) есімі айтылған сайын Оған салауат келтіру уәжіп пе?
1 жыл бұрын 2201

Ассалаумағалайкум! Пайғамбарымыздың (с.а.с) атын естіген адамға салауат айту уәжіп деген де көзқарас бар ма? Бар болса неге сүйенген, қай ғалымдар айтты? Осы сұраққа жауап бересіз бе ? Алла тағала разы болсын ұстаз!

Нұрлан

Әлхамдулиллә. Уассаләту уәссәләму аля Расулиллә!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Көпшілік Ханафи ғалымдары бойынша, Мұхаммед пайғамбарымызға (с.а.у.) ең кемі өмірде бір рет салауат айту - міндет (уәжіп). Ал есімі естілген сайын немесе есімін айтқан сайын Оған (с.а.у.) салауат келтіру - мұстахаб, яғни, сауапты амал, бірақ міндет емес. Өйткені бір хадисте: «кім маған бір салауат келтірсе, Алла оған он салауат келтіреді» деген.

Дейтұрғанмен, есімін естіген сайын салауат айтуды уәжіп деп тұжырымдаған ғұламалар бар. Солай деушілердің бірі - Имам Тахауи (рахимаһуллаһ). Имам Тахауи (р.а.) Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) есімі айтылған сайын салауат айту уәжіп деген. Алайда, оның бұл тұжырымын Имам Сарахси (рахимаһуллаһ) «Ижмаға», яғни, көпшілік ғұламалардың тоқтамына теріс екендігін айтып, ең дұрыс пікірдің көпшіліктің пікірі екендігін білдіреді. Имам Сарахси (р.а.) кітабында былай деп жазады:

«Құран аяты өмірде бір рет салауат айтудың уәжіп екендігін білдіреді, өйткені, бұйрық рай қалыбы «қайталауды» білдірмейді. Біздің де айтатынымыз сол. Тахауи айтқан: «Пайғамбардың (с.а.у.) есімі айтылған сайын, мейлі біреуден естіген болсын, мейлі өзі айтқан болсын, уәжіп», - дейді ол (р.а.). Оның бұл сөзі ижмаға теріс. Ғұламалардың басым көпшілігі салауат айтудың уәжіп емес, мұстахаб екендігі жөнінде ымыраласады»1.

Ендеше, салауат айту міндет болмаса да, сауапты амал екен. Сондықтан да, мүмкіндігінше есімі аталған сайын салауат келтіріп отырған әдеп тұрғысынан да, сауап тұрғысынан да абзалырақ болмақ. Әлхамадулилләһи Раббиль аләмин!


1  Имам Сарахси (р.а.): «әл-Мәбсут» - Китабус саләһ.

Абдусамат Қасым