Пайғамбарымыз (с.а.у.) пайғамбарлық келмей тұрып қандай дінде еді?
Пайғамбарымыз (с.а.у.) пайғамбарлық келмей тұрып қандай дінде еді?
3 жыл бұрын 4043

Ассаламуалейкум уә рахметуллаһи уә бәракәтуһ! Бір суретте былай жазылып тұр: «Пророк (с.а.с) до Джибриля был не в исламе». Осы сөз дұрыс па?...

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымызға (с.а.у.) пайғамбарлық келмей тұрып, бір құдайға сенетін, көп құдайшылықты жоққа шығаратын, Аллаға серік қоспайтын - ханиф сенімінде еді. Ханифтік ұстанымын дін дегеннен гөрі, құдайдың бірлігін дәріптеп, көп құдайшылықты мойындамайтын және Жаратушыға ешқандай серік қоспайтын нанымға берілген жалпы атау деген дұрысырақ[1].

Ханифтік сенімі Ибраһим пайғамбардың әкелген дінінің сенім негізінің жарықшағы. Бүкіл пайғамбарлар Құдайдың бірлігін, яғни, «тәухид» сенімін (құдайды бір деу сенімін) насихаттап келген болса, Мұхаммед пайғамбардың да (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жүрегінде о бастан-ақ тәухид сенімі орныққан еді. Өйткені, оған қырық жасына дейін пайғамбарлық іс жүзінде берілмегенімен, Оның бойында туа біткен Пайғамбарлық қасиет болған. Сондықтан да, кейбір дін ғалымдары Оның (с.а.у.) туылған күнінен-ақ пайғамбарлық сипатқа бөленгендігін айтады[2]. Кейбір ғалымдар «Пайғамбар – пайғамбар болып жаратылады» дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) пайғамбарлық келмей тұрып та әртүрлі күнә істерден ұзақ тұрды. Ол өтірік айтпайтын, кісі ақысын жемейтін, пұтқа табынбайтын, шарап ішпейтін, зина жасамайтын, ізгіліктің жаршысы т.б. сол сияқты білдей бір пайғамбардың бойында болуы қажет жақсы қасиеттерге тұла бойы тұнып тұрған кемел адам-тұғын. Сондықтан да, Пайғамбарымыз бұрын Ислам шариғатының үкімдерін егжей-тегжейлі білмегенімен, діннің іргелі-негізді сенім-нанымы жүрегіне Құдай тарапынан салынған-тын.

Қорыта айтқанда, Пайғамбарымызға пайғамбарлық берілмей тұрғанда да Ол бір Аллаға сенетін, пұтқа табынушылықтан жиренетін – Ханиф сенімінде болды. О заманда жұрт түрлі пұттарды құдай біліп, оларға табынып жатқанда, Ол Хира үңгіріне оңашаланып, бір Аллаға құлшылық жасайтын болған. Айша анамыз бір сөзінде: «Пайғамбар (с.а.у.) Хира үңгірінде оңашаланып, сол жерде Құдайға құлшылығын жасайтын» - дейді[3]. Ал сіз айтып тұрған «Исламда емес еді» деген сөзді - «Уахи келмей тұрып Ислами үкімдерді білмейтін» деген мағынада айтса керек. Аллаһу аъләм. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Ол кезеңде араб жерінде монетеизмді ту еткен Христиандар мен Йудаизм дінінің өкілдері өмір сүрді, бірақ олар «Ханиф» жолында емес еді. Себебі, олар Құдай бір дегенімен, Оған серік қосатын. Христиандар Иса пайғамбарды Алланың баласы деді. Йудаизм дініндегілер Узейрді Құдайдың ұлы деп келді.
[2] Алиюль Қари: «Шарху Фиқһиль Әкбар». 180 бет.
[3] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».

Абдусамат Қасым