«Нумерология» шариғатқа сай ма?
«Нумерология» шариғатқа сай ма?
6 жыл бұрын 38691

Ассаләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!  «Нумерология» деген шариғатқа сай келе ме? Жанар.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Нумерология» - физикалық заттарға, процестерге және адамдардың өмірі мен олардың сана-сезімдеріне сандардың-әріптердің мистикалық қарым-қатынасы туралы эзотерикалық наным жүйесі. Бұл наным бойынша, әрбір әріптер мен сандарда мәлімет сақтаулы.  

Тарихы б.з.д. 3 ғасырға табан тірейтін бұл ілім түрі - бүгінде көбіне адамның мінез-құлықтарын, оның ерекшеліктерін, не нәрсеге бейім екендігін, болашақ ерлі-зайыптылардың бір-біріне сәйкестігі, бұл өмірге не үшін келгендігін, өмірге келгендегі миссиясын т.б. анықтайтын бірден-бір құрал ретінде ұсынылуда.

Нумерология ілімі, көне Ислами әдебиеттерде «илмуль харф» деген атаумен белгілі («әріптер ілімі»). Мәліметтерге сүйенсек, Харф ілімі Исламның алғашқы ғасырларында грек философиясынан дін философтары арқылы (ихуану сафа, батиниттер т.б.) Ислам әлеміне кіріптар етіліп, уақыт өте келе кейбір мұсылман жамағаттары арасында, соның ішінде сопылық мектептерінде Ислами дүниетаныммен ұштастыра отырып арнайы оқытылатын болған. Харф ілімін қолдаушылар арасында орта ғасырда өмір сүрген мұсылман ойшылы, тасаууф ілімінің көшбасшысы Мухиддин ибн Араби бар (м. 1165-1240 ж.). Ол өзінің «Футухатуль Мәккия» атты атақты еңбегінде аталмыш ілімге арнайы тарау арнаған.  

Әйтсе де, Харф ілімін харамға шығарған Ислам ғұламалары да өткен тарихта. Мысалы, Имам Суюти өзінің «әшбәһ уән назаир» атты еңбегінде аталмыш ілімді – айналысу харам болған ілімдер қатарынан есептейді. Имам Зәһәби (м. 1274-1348 ж.) болса, әріптер ілімі сияқты нәрселермен айналысқандарды «адасушы әрі адастырушылар» деп қатаң сынға алған.

Қорытындылай келе, нумерология – тылсым әлеммен байланысы бар эзотериялық (құпия) наным жүйесі. Мұны «сандармен пал ашу» деп те атайды. Шариғатта пал ашу да, аштыру да харам. Оның үстіне, әрбір әріп пен сандарда белгілі мәліметтер жасырылған деген сенімнің ғылыми негізі жоқ, құр қиял мен соқыр сенімділік қана. Сол себепті, қазіргі ғылым нумерологияға «соқыр сенімділік және жалған ғылым (лженаука)» деп баға береді.

Ендеше, аталмыш ілім шариғатқа сай емес деуге негіз бар. Және де ардақты Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) өзінің дұғасында «Илмән нафиған», яғни, «Пайдалы ілім бере гөр» деп тілейтін. Сондықтан да, мұсылман кісі «нумерология» секілді адамның дүние-ақыретіне еш пайдасы жоқ нәрселерге уақытын сарп етуден бойын аулақ ұстағаны жөн.

Абдусамат Қасым