Неге мұсылмандар Пайғамбардың (с.а.у.) жұбайларын "ана" деп атайды?
Неге мұсылмандар Пайғамбардың (с.а.у.) жұбайларын "ана" деп атайды?
2 жыл бұрын 3684 Фото: nicefon.ru

Құрметті сауал жолдаушы, пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләмның жұбайларының «мүміндердің аналары» деп аталуының басты себебі – Құранның мына бір аяты:

النَّبِيُّ أَوْلَى بِالْمُؤْمِنِينَ مِنْ أَنْفُسِهِمْ وَأَزْوَاجُهُ أُمَّهَاتُهُمْ {الأحزاب:6}،

«Мүміндер үшін Пайғамбар жандарынан да артық, ал оның жұбайлары – аналары»1.

Сондықтан да, мұсылмандар өз аналарымен үйлене алмайтыны секілді, Пайғамбардың жұбайларын да пайғамбардан кейін ешкім айттыра алмаған, ешкім әйелдікке ала алмаған, әрі өз аналарын сыйлағандай оларды да сыйлап, құрметтеулері тиіс болған, өйткені олар мүміндер үшін өз аналарының деңгейінде болмақ2.

«Ана атауы» шынайы мағынада ма?

Дейтұрғанмен, бұл жердегі «ана» атауы – әркімнің туған анасының орнын басатындай шынайы мағынада емес екендігін де айта кету керек. Бұл жерде «ана» деп астарлы мағынада айтылған деген дұрысырақ. Пайғамбардың жұбайларының «ана» атанулары – мүміндердің назарында болсын, жалпы Ислам дінінде болсын, ұлы мәртебеге ие екендіктерінің нышаны.

Қазақ халқында да ұлы әйел тұлғаларды «ана» деу әдеті болған. Мысалы: Домалақ ана, Абақ ана, Алтыншаш ана т.б. қазақ еліне парасаттылығымен, батырлығымен және елге деген сүйіспеншілігімен ел жадында қалып, бүкіл халықтың «анасы» атанған әйел тұлғалар аз емес.

Ендеше, "үмбетім" деп өткен соңғы пайғамбар ардақты Әзіреті Мұхаммед (ғ.с.) бүкіл мұсылман жұртшылығының рухани әкесі орнында десек, оның «жаны таза» жұбайлары - мұсылмандардың аналары мәртебесінде. Сондықтан да, Оларға деген құрмет пен сүйіспеншіліктің көрінісі ретінде, есімдерін атайтын кезде «ана» деп қосып айту үрдісі қалыптасқан. Алла олардан разы болсын! 


 

1Құран Кәрім, «Ахзәб» сүресі, 6 аят.
2Құран Кәрім, «Ахзәб» сүресі, 53 аят.

Абдусамат Қасым