«Нан ұрсын» деп ант ішуге бола ма?
«Нан ұрсын» деп ант ішуге бола ма?
11 жыл бұрын 9241

Ассалаумағалейкум! Біз өз арамызда «нан ұрсын» деп ант ішіп жатамыз. Бұлай ант ету дұрыс па? Антымызды бұзсақ не істеу керек? Жалпы, шариғаттағы ант ішу жайында мағлұмат бере кетсеңіздер. Ләззәт.

Уағалейкумуссалам! Ләззәт ханым, «нан ұрсын» деп немесе Алладан басқа нәрселерді айтып, ант ішу – шариғатта дұрыс емес. Өйткені, Пайғамбарымыз анттың бұл түрінен қайтарған[1]. Нанды айтып ант еткенімен де, ант болып есептелмейді. Шариғатта Алла атымен немесе Оның есімдерімен яки «зати сипаттарымен» ғана ант етіледі. Ант Алланың атын ауызға алмай-ақ «ант етемін», «серт етемін», «қасам ішемін» деген сөздерімен де ант болып есептеледі.

Егер мұсылман берген антын бұзатын болса, онда оған кәфаратын өтеуі керек[2]. «Кәффәрәт» дегеніміз антын бұзған адамның Алла алдында күнәсін жуып-шаюы. Ол болашақтағы іске ант беріп, оны орындай алмай қалған жағдайда ғана өтеледі.
Кәфәрат жүрмейтін де анттың түрлері бар. Мәселен, егер өткен ісіне байланысты өтірік айтып, ант ішсе, ол адамға кәфәрат жүрмейді. Яғни, ол күнәсін бұл дүниеде жуып-шаю мүмкіндігінен қағылып, тікелей Алланың алдына барғанда жауап береді[3].

Анттың кәффәрәті он міскінді тамақтандыру немесе киіндіру яки бір құл азат ету. Бұл ауқатты адамдардың кәффәраты. Ал бұған шамасы келмейтін жағдайы төмен кісілер үш күн қатарынан ораза ұстауы тиіс[4].

[1] Бухари – 6108;
[2] Мәида сүресі, 89 аят.; Нәһл сүресі, 91 аят.
[3] Әл Ғаними, Лүбәб – 4/3-8 бет;  Әл Маусули, Ихтияр – 3/394 бет.;У.Зухайли, Уәжиз – 1/502 бет.
[4] Бақара сүресі, 225 аят.;  

Абдусамат Қасым