Намаз оқымай жұмаққа кіретін мұсылмандар бар ма?
Намаз оқымай жұмаққа кіретін мұсылмандар бар ма?
2 жыл бұрын 11727

Мысалыға намаз оқымай жаннатқа кіретін мұсылманлар бар ма? Намаз оқымай қайырымдылық жасап, қажыға барса, бірақ намада жоқ болса? Айбын.

Бисмилләһир рахманир рахим

Намаз оқымай жұмаққа кіретін мұсылмандар бар. Олар кәпір болып жүріп, соңғы сәтінде ақиқатты түсініп, ақтық демінде тілін кәлимаға келтіріп, шын ниетімен мұсылман болып өлгендер. Тілін кәлимаға келтіргені үшін, Алла Тағала оның Исламнан бұрынғы күнәларын кешіреді, ал намаз оқуға үлгермегені себепті де намаздан сұралмайды1. Оған сахабалар тарихынан мысал берелік. Пайғамбарымыздың кезінде (с.а.у.) Усайрим деген лақап атпен танымал бір кісі болған (Амр ибн Сәбит). Усайрим «Ухуд» соғысында мұсылман болып, мұсылмандар жағына өтеді де, мүшрік әскерлерімен соғыс майданында шейіт болғанға дейін шайқасады. Шейіт болғаннан кейін Алла елшісі (с.а.у.) оның пейіштік екендігіне куәлік етеді. Ол кезде Усайрим намаз оқып үлгермеген еді2. Бұл айтқанымыз - өмірінің соңғы сәтінде мұсылмандықты қабылдап, артынан өліп кеткендерге қатысты.

Ендігі жерде, мұсылман болып жүріп, намаз оқымай, бірақ игі істер істеп жүрсе, ол пейішке кіре ме?

Иманды жанға намаз парыз. Намаз оқымау ауыр күнә. Мұны салыстырмалы түрде айтқанда, арақ ішіп жүріп, бірақ игі істер істеп жүрген мұсылманның халіне ұқсатуға болады. Сол себепті, бұл дүниеде мұсылман болған күйі жасаған жақсылықтары мен игі істерінің сауабы о дүниеде алдынан шығары сөзсіз, бірақ намаз оқымағаны себепті де сұралады. О дүниеде Алла қаласа оның ол күнәсін кешіріп, бірден пейішке кіргізеді, қаласа намаз оқымағаны себепті белгілі уақыт тозақта жазалайды. Артынан пейішке кіргізеді. Қысқасын айтқанда, намаз оқымай бірақ игілік істеп жүрген мұсылманның халі Алланың қалауына қалған іс. Бірақ бір анығы - тозаққа түскен күннің өзінде, онда ол мәңгі қалмайды. Ерте ме, кеш пе, жүрегіндегі иманы себепті тозақтан шығарылып, жұмаққа кіргізіледі. Өйткені жүрегінде тарыдай иманы бар адам тозақта мәңгі қалмайды делінген. Бұған қатысты сахаба Әбу Саъид әл-Худри, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай дегенін жеткізген: «Кімнің жүрегінде зәрредей иман болса, ол тозақтан шығарылады»3.

Алла Тағала пейішке кірер құлдарынан етсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  «Әнфәл» сүресі, 38 аят. Имам Мәтуриди: «Тәуиләт», «Әнфәл» сүресінің тәпсірі.
2  Имам Ахмед, «Мүснәд». Хасан хадис. Сахаба Әбу һурайрадан жеткен (р.а.).
3  Имам Тирмизи: «Сүнән».

Абдусамат Қасым