Мұсылманға ішін көру үшін шіркеуге кіруге бола ма?
Мұсылманға ішін көру үшін шіркеуге кіруге бола ма?
2 ай бұрын 1614

Ассаламуғалейкүм! Мұсылманға шіркеуге жәй көруге кіруге бола ма? Азизулла.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Дін ғалымдарының арасында шіркеу мен синагогаға кіру мәселесінде әртүрлі пәтуа айтылған:

  • Ханафи мәзхабында шіркеу мен синагогқа кіру - мәкруһ1

  • Шәфиғи мәзхабында шіркеу немесе синагога иелері кіруге рұқсат берсе және ішінде сурет болмаса, кіруге болады, ал рұқсат бермесе немесе ішінде мүсіндер мен сурет болса, кіруге болмайды2. Ол жерде намаз оқу мәкруһ. Абдулла ибн Аббас бір сөзінде: «Біз шіркеулеріңізге суреттер болғаны үшін кірмейміз» деген екен.

  • Ханбали мәзһабында шіркеуге және синагогаға кіріп, намаз оқи алады. Бірақ, егер ол жерде суреттер болса, Ахмад ибн Ханбалдан жеткен басқа бір көзқарас бойынша – мәкруһ3.

Шіркеу мен синагогаға кіріп, ішін қызықтаудың күнәсі жоқ дегенге қатысты, мына бір хадис делел келтірілген. Атақты хадис жинағы «Сахих Бұхариде» Айша анамыз былай әңгімелейді:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) сырқаттанып қалған еді. Жұбайларының кейбірі Хабашистанда көрген шіркеуді еске алды. Ол шіркеудің есімі «Мария» екен. (Пайғамбардың жұбайлары) Үмму Сәләмә мен Үмму Хабибә (р.а.) Хабашистанға барғандағы көрген (Мария шіркеуінің) әсемдігі жайында, оның ішіндегі салынғна суреттер жайында әңгімеледі. Сонда Пайғамбар басын көтеріп: «Олар, қашан бір жақсы адам қайтыс болса, соның мазарына мешіт соғады. Кейін соның ішіне (сендер айтып отырған) суреттерді салады. Міне олар Алланың қасында жаратылыстардың ішіндегі ең жаманы», - деді»4.

Осы хадиске қарағанда, Алла елшісі (с.а.у.) христиан дін өкілдерінің ғибадатханаларына әулиелерінің суретін салып, қабірлеріне мешіт тұрғызуларын теріске шығарған, алайда мүміндердің аналарының шіркеуге кіріп қызықтағандарын теріске шығармағандығын ұғуға болады.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамду лилләһи раббиль аләмин!


1Ибн Нужәйм: «әл-Бәхрур Роиқ»: «Мұсылман адамға шіркеуге және синагогаға кіру мәкруһ, оның мәкруһтігі ол жерлер шайтандардың жиналатын орны болғандықтан... мәкруһтігі тахримия болып саналады».
2Хатыйб Ширбәни: «Муғнил Мұхтаж». Ибн әл-Мүләққин: «Ъәжәләтуль Мұхтәж».
3«әл-Мәусуъатуль Фиқһия әл-Куәйтия» - Духул тарауы.
4Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».

Абдусамат Қасым