Мойынға «Эрцгамма жұлдызын» тақса бола ма?
Мойынға «Эрцгамма жұлдызын» тақса бола ма?
3 жыл бұрын 3616

Салеметсіз бе! «Эрцгамма жұлдызын» тағуға бола ма? Гүлмира.

Сәлеметсіз бе!

Эрцгамма жұлдызы деген, ортасында айқыш (крест) бейнеленген он екі ұшты жұлдыз бойтұмар. Бұның тамыры сонау – антикалық дәуірге дейін ұласады. Бұл тұмарды қасиетті санайтындар, оның адам өмірін жақсылыққа өзгертіп, таққан адамға бақыт сыйлайтындығын айтады. 

Әйтсе де, мұсылман дінінде мұндай тұмарларды тағуға үзілді-кесілді тыйым бар. Тек қана Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйреткен дұғалары жазылған тұмарларды немесе Алланың есімдері мен сипаттары жазылған тұмарларды «теберік» ретінде тағуға рұқсат делінген[1]. Одан өзге тұмарларды тағуға дінде рұқсат жоқ.  Сахих бір хадисте Алла елшісі (с.а.у.):

من علق تميمة فقد أشرك

«Кімде-кім тұмар тағар болса, Аллаға серік қосқан болады»[2] - деген. Өйткені тұмар таққан кісі жақсылықты тұмардан күтіп, жамандықты бейтарап етуші де өзі деп сенеді. Бұл болса, иман шартындағы «жақсылық та, жамандық та Алладан» деген иман негізіне теріс.

Сол себепті, Құран аяттары мен хадистердегі дұғалар жазылған тұмардан өзге тұмарлар – дін исламда харам саналған.

Ендеше, антикалық дәуірден бастау алатын «эрцгамма жұлдызын» тағу – дінімізде құпталмайтын, күнә іс. Бір Аллаға иман еткен мұсылманның ондай негізсіз нәрселерді қасиет тұтып, одан жақсылық күтуі иманына қайшы болмақ. Бұндай нәрселерден бойды аулақ ұстаған жақсы. Тіпті әсемдік үшін де тағуға болмайды.


[1] Тұмар жайында толығырақ: «Тұмар тағуға бола ма?» атты жазбамыздан оқи аласыз.
[2] Әл-Хәким: «әл-Мүстәдрак»; Имам Ахмед: «Мүснәд». №16969 хадис.

Абдусамат Қасым