Меккедегі қасиетті мешіт неге «Харам» мешіті деп аталған?
Меккедегі қасиетті мешіт неге «Харам» мешіті деп аталған?
2 жыл бұрын 5703

Меккедегі қасиетті мешіт неге «Харам» мешіті деп аталған?

Бисмилләһир рахманир рахим

Мекке-Мүкәррама қаласында орналасқан қасиетті мешіттің «Харам» деп аталуының өзіндік мәні бар.

Алдымен «Харам» сөзінің тілдік мағынасын айталық. «Харам» сөзі араб тілінде: «тыйым салынған», «қорғалған», «қолсұғылмаушылық» (неприкасаемость), «қорық» деген ұғымдарда қолданылады. Мысалы, мұсылман дінінде доңыз етін жеу «харам» дейміз. Бұл дегеніміз: «доңыз етін жеу шариғатта тыйым салынған» деген сөз.

Ал енді Мекке қаласындағы қасиетті мешітті неге «Харам» деп атаған?

Себебі ол мешітте және жалпы Мекке қаласының айналасында - соғысу харам (тыйым салынған), аң аулауға болмайды харам, өсіп тұрған көкті жұлуға болмайды, харам,  ағаштарды шабуға, бұтағын сындыруға болмайды харам, залалсыз жәндіктерді өлтіруге болмайды харам (залалдылары басқа және қолмен өсірген жеміс-жидектер мен түрлі егіндер тыйым аясына кірмейді). Сонда «Харам мешіті» дегеннің мағынасы – «түрлі оғаш іс тыйым салынған мешіт» деген ұғымды білдірмек.  

Мекке қаласы мен оның айналасы - «Харам аймағы» деп аталады. Бұл Харам аймағының көлемі шамамен 550 km2. Осы аумақ ішінде зиянсыз жан-жануарларға залал тигізуге және әртүрлі зиянсыз өсімдіктерге зиян тигізуге тыйым салынған[1]. Сол себепті, Мекке қаласына «оғаш тірлік тыйым салынған қала» деген ұғымда – «әл-Бәләдуль Харам», Қағба тасқа – «әл-Бәйтул Харам» және Қағба тас орналасқан мешітке – «әл-Мәсжидуль Харам» («Харам мешіті») деген атау берілген. Харам аймағынан тыс жерлерге болса «Хилл аймағы» дейді. Бұнымен қатар, Мекке мен айналасын және ондағы қасиетті мешітті «Харам аймақ» деп аталуын - «қорғалған аймақ, қолсұғылмайтын аймақ» деген мағынада да түсінуге болады.

Бұл қасиетті мекеннің бұлай аталуына қатысты аяттан мәлімет берер болсақ, Алла Тағала Құран Кәрімде:

أَوَلَمْ يَرَوْا أَنَّا جَعَلْنَا حَرَمًا آمِنًا  

«Олар (мүшріктер), біздің бұл қаланы харам (тыйым салынған, қорғалған) қала әрі қауіпсіз орын қылғанымызды көрмей ме?» - дейді[2]. Осы аятта Мекке қаласын «Харам» деп атап отыр. Яғни, біз бұл қалаға соғысу ниетімен кіруге және шабуыл жасап кіруге тыйым салдық әрі бұл қаланы тұрғындары үшін бейбіт қала қылдық деп тұр[3].

Ендеше, «Харам мешіті» дегеннің тікелей мағынасы – «түрлі оғаш тірлік тыйым салынатын мешіт» немесе «қорғалған, қолсұғылмайтын мешіт» деген ұғымдарды білдірсе, ал астарлы әрі қазақи мағынасы: «Киелі мешіт», «Киелі мекен» деген ұғымға саяды.

Әлхамдуллилләһи Раббиль Аләмин.


[1] Хадис – Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[2] Құран Кәрім, «Анқабут» сүресі, 67 аят.
[3] Табари тәпсірі, «Анқабут сүресінің 67 аятының тәпсірі.

Абдусамат Қасым