Әссәләмуғалейкум! Меккеде от боп жанатын бұлақ табылыпты. Енді бəрі үрейленіп отыр екен. Өйткені, Құран Кəрімде «ақыр заман жеткенде бір-біріне сəйкес келмейтін от пен судан тұратын бұлақ табылады» делінген екен. Осы туралы не айтасыз? Нурлыбек Сабыргалиев
Меккеде от боп жанатын бұлақ табылыпты. Бұған не дейсіз?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Сіз айтып отырған бейнетаспадағы бұлақ Мекке қаласында емес, Ирактың солтүстік батысында орналасқан «Чамчамал» (Күрдістан) қаласы төңірегінде пайда болған (2015 жылы). Мируан аға есімді күрд азаматы тарапынан егін үшін қазылған 90 метрлік ол құдықтан сумен бірге араласып табиғи газ да шыққан екен. Әлгі от сол газдың әсерінен туындап отыр.
Мұндай жайт бір тек ол жерде ғана емес. Дүниенің бірнеше жерінде орын алғанға ұқсайды. Сондай отты бұлақтың бірі Нью-Йорктегі Честнат Ридж саябағында да бар екен. «Мәнгі от сарқырамасы» деп аталатын ол сарқыраманың астында, табиғи газдың ағуының салдарынан үнемі от жанып тұрады.
Ал енді, «ақыр заман келгенде отты бұлақ табылады» дегенге саятын Құран Кәрімде аят жоқ. Бірақ, қиямет қайым болғанда теңіз суларының жанатындығы жайында аят бар. Мысалы, «Тәкуир» сүресі, 6-аятта былай делінеді: «وَإِذَا الْبِحَارُ سُجِّرَتْ – Теңіздер жанған сәтте»[1]. Осы аяттағы «сүжжират» сөзін кей тәпсіршілер «أوقدت», яғни «жанған кезде» (немесе "жандырылған кезде") деп түсіндірме берген. Мүмкін осы аятқа сүйеніп әлгі видеодағы отты бұлақты «қиямет белгілерінен» деп ұғынып жүргендер бар шығар. Өз басым, оны қиямет белгілерінен деп санамас едім.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
[1] Құран Кәрім, «Тәкуир» сүресі, 6 аят. Бұл аятты қазіргі кейбір білім адамдары қиямет қайымның белгісі ретінде емес, қазіргі таңда ашылып жатқан ғылыми жаңалықпен ұштастыруға тырысқан.