Мазар ішінде шырақ жағу ісі дұрыс па? Ондай рәсімге қатысуға бола ма?
Мазар ішінде шырақ жағу ісі дұрыс па? Ондай рәсімге қатысуға бола ма?
2 жыл бұрын 4157 фото otyrar.kz

Мазардың ішінде шырақ жаққанға барып қатыстым, ол дұрыс па?

Құрметті сауал жолдаушы, мұсылман қазақ салтында «мазарға шырақ шағу» рәсімі жоқ. Ондай үрдіс христиандарға тән. Мұсылмандар қабірде шырақ жақпайды. Мұсылмандар қабірдегі мархұмға құран оқып, ол үшін Алладан жарылқау тілейді. Ал қабірге шырақ жағу рәсімін жасау Исламда харам болып, үлкен күнә саналады. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) ондай тірліктен қатаң тыйған. Ардақты пайғамбар (с.а.у.) өзінің бір хадисінде былай деген:

 لعن رسولُ اللهِ صلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ زائراتِ القبورِ والمُتَّخِذينَ عليها المساجدَ والسُّرُجَ

«Қабірлерді мешіт (сәжде ететін ғибадатхана) қылып, онда шырағдандар (жағып іліп) қоятын әйел зияратшыларын Алла Тағала лағынеттеді»1.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «...Алла Тағала лағынеттеді» деуі, ондай тірліктің ауыр күнә екендігін көрсетеді.

Сондықтан да, егер әлдекім «қабірде шырақ жағу рәсімін» орындаған болса, онысы харам, мұсылман дініне қайшы тірлік. Ал ондай рәсімге ортақтасып, қатысудың өзі үлкен күнә болады. Аллаға тәубе жасап, кешірім тілеу керек. Алда-жалда мұсылман мазаратында сондай бір істің істеліп жатқанына куә болсаңыз, мүмкіндігінше оларға насихат айтып, олай істеудің дұрыс еместігін түсіндіргеніңіз жөн. Алла Тағала баршамызды тура жолдан айырмасын! 


 1) Әбу Дәуід: «Сүнән»; Нәсәи, «әл-Кубро».

 

 

Абдусамат Қасым