Мәтуриди мәзхабында «Ин’шаAлла, мұсылманмын» деп айтыла ма?
Мәтуриди мәзхабында «Ин’шаAлла, мұсылманмын» деп айтыла ма?
9 жыл бұрын 7328

Әссәләмуғалейкум, ұстаз! Біреу:"Мұсылмансың ба?", - деп сұраса, оған жауап берілгенде:"Əлхəмдулиллә, ия" дейміз бе, əлде, "ин’шаAлла, иә" деліне ме?

Нұрлыбек Сабырғалиев

Уағалейкум әссәләм, Нұрлыбек!  Осыған қатысты Имам Мәтуриди (Алла оны рахымына бөлесін) былай дейді:

Біздің көзқарасымыз бойынша, мүмін-мұсылман екендігін нақты, ешқандай шартты рай түріндегі немесе «истисна» түріндегі сөздерді қолданбастан білдіруі тиіс (Истисна: бірақ, алайда т.б. сияқты бөлектеп тұратын сөздер). Сондықтан, «ин’шаАлла» (мұсылманмын) деп айтпауы керек (өйткені, бұл - мұсылман екендігіне сенімді емес адамның сөзі)... Ұлы-Азиз Алла: «Біз Аллаға иман еттік деп айтыңдар!...»[1], - дей келе мүмін екенін нақты білдіруді ұнатқан... 
Ал, Мұғтәзилә, Харижит және Хашауия ағымындағылар дінде, әсіресе иманға қатысты мәселелерде «ин’шаАлла» сөзін қолдану шарт деп есептеген. 
Мұғтәзилә мен Харижиттердің айтуларына қарағанда, пенде (дінде жүріп) қалай діннен шығып кеткендігін білмей қалуы мүмкін. Тура осы секілді, діни міндеттемені де білместіктен орындай алмауы мүмкін. Ендеше, пенденің діндегі орны әрдайым бұлыңғыр, белгісіздік ішінде. Сондықтан да, иманды екендігін тек «истиснамен» («ин’шаАлла» сөзін қолдану арқылы) айтқаны жөн болады деген...
Иманды екендігін осылайша айту - әбестік. Бұны жүректерімен сенбеген кісілердің сөзі ретінде қарауға болады. «Мен - ин’шаАлла,  мұсылманмын» деп айту да осыған ұқсас... Осы тұрғыда, Алла тағала Құранның  көп жерінде «Ей, мүмін-мұсылмандар!» деп айтады («ин’ша Алла»ны қоспайды). Риуаяттарға қарағанда ардақты Пайғамбардан (ғалейһис сәләм) амалдардың ең сауаптысын сұраған екен. Сонда Ол: «Ең абзал амал - күмәнсіз иман, олжасы алынбаған соғыс және Алла қабыл еткен қажылық», - деп жауап берген екен[2].
Имам Әбу Мансур әл-Мәтуриди,
"Китабут таухид".

Ендеше, әлгіндей сұрақ сұраған адамға «Ин’шаAлла, мұсылманмын» деп емес, «Әлхамдулилла, мұсылманмын» деп жауап берген дұрыс.


[1] Бақара сүресі, 136-аят.
[2] Нәсәи, «Иман»: 1., «Зекет»: 49. 

Абдусамат Қасым