Киелі кітапты (тәурат, інжіл) қоқысқа тастауға бола ма?
Киелі кітапты (тәурат, інжіл) қоқысқа тастауға бола ма?
3 жыл бұрын 4385

Ассалаумағалейкум! Осыдан 3-4 жыл бұрын Алматыда бір іс-шараға мені біреу қатысуымды өтінді, ойымда ештеңе жоқ, көре салайын деп бара салыппын. Кірсем, тегін тамақтар беріліп жатыр, концерт болып жатыр, үгіп-насихат айтылып жатыр. Сөйтсем Иусис Христос жайлы айтып баска дінді уағыздап жатыр ма, түсине алмадым. Інжіл Тәурат кітаптарын тегін таратты. Мен Құран деп ойлап ала салыппын. Кеин Кұран емес екеніне , баска дін екеніне көзім жетіп, кітапты қоқысқа тастаппын. Кеиін Кұран тыңдадым, осы кітаптардың қасиеттері жайлы айтылған да катты қорықтым. Кезінде оқымай, білмей тастап жібердім деп. Енди сол ойлар мазалап, мен не істеп койдым, күнә іс емес пе екен, деген ойлар мазалап жүр. Менін іс-әрекетім күнә бола  ма? Айтып жіберсеңіздер!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, бөтен діннің үгітінен секем алып, бірден мұсылманшылығыңызды ұмытпай, бойыңызды аулақ ұстағандығыңыз – иманыңыздың нышаны және мұсылманшылық жолын қадір тұту. Өкінішке орай кезінде қазақ қандастарымыздың арасында бөтен діннің арбауына алданып, шоқынып кетіп жатқандар болды. Олардың кейбірі қайта мұсылманшылыққа оралса, кейбірі бөтен діннің шырмауынан шыға алмай кетті. Алла һидаят берсін. Мұның бәрі өзіміздің төл дінімізден хабарсыз болуларының кесірі. Дегенмен, сіздің олардың насихатына еріп кетпей, мұсылман екеніңізді есте сақтап, одан қала берді дінге бет бұрып, намазға жығылғаныңыз қуантарлық іс. Алла екі дүние жақсылығын бергей.

Енді сауалыңызға келер болсақ, қазіргі інжіл мен тәурат кітаптары – адамдар тарапынан өзгертіліп, түпнұсқалығын жоғалтқан жай кітаптар[1]. Сол себепті, қазіргі інжіл және тәурат деп жүргендері Құдай Тағаланың түсірген қасиетті кітабы емес, оның өзгертілген нұсқасы. Дегенмен ішінде «Құдай» деген сөз, Иса пайғамбар, «Мәриям» анамыз т.б. пайғамбарлардың аты-жөні болғандықтан оны қоқысқа тастауға болмайды, әрідесе ол кітаптардың ішінді тұпнұсқадан қалған үзінділер де қамтылған болуы мүмкін. Сол себепті, қоқысқа тастап қор қылу - күнә болады. Тіпті ескілікті ғалымдарымыз тәурат, інжіл және забур кітаптарын ғұсылы жоқ кісінің оқуы мәкруһ болатындығы айтылған[2].

Алайда, сіздің аталмыш кітаптарды қоқысқа тастаған әрекетіңізге кешірім бар. Біріншіден сіз білген жоқсыз. Екіншіден – оныңызға өкініп, қазір уайымдап жүрсіз. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «тәубе, ол – өкіну» деп, істеген іске өкінудің өзі тәубе саналатындығын білдірген. Сондықтан, ол әрекетіңіз күнә болған күннің өзінде, ниетіңізге қарай Алла Тағала оны кешірді деген үміттеміз.

Ал, інжіл, тәурат кітаптарын оқу мәселесіне келер болсақ, мұсылман адам өзге діннің кітаптарын оқымастан бұрын, алдымен өз дінін жақсы білген болуы тиіс. Өзінің төл дінінің негіздерін білмей тұрып және Құран кітаптың қасиеттілігін ұқпай тұрып, өзге діндегілердің кітаптарын оқуына болмайды. Өз дінін жақсы білгеннен кейін салыстырмалы түрде өзге діндердің діни әдебиеттерімен танысуына болады[3].

Алла барша мұсылмандарды жарылқасын!


[1]. Алла Тағала Құран Кәрімде інжіл және тәурат кітаптарының адамдар тарапынан өзгеріске ұшырағандығын және ішіне адам сөзі кіріптар етілгендігін ашық білдірген.  Маида сүресі, 13 аят, Бақара сүресі, 79 аят.,Бақара сүресі, 75 аят.
[2] Бәдруддин әл-Айни: «Биная» 1/647 бет.
[3] Бұл жайында толығырақ: «Дінімізде інжіл, таурат кітаптарын оқуға тыйым бар ма?» атты жазбамызды оқуды кеңес етеміз.

Абдусамат Қасым