Дінімізде інжіл, таурат кітаптарын оқуға тыйым бар ма?
Дінімізде інжіл, таурат кітаптарын оқуға тыйым бар ма?
3 жыл бұрын 9484

Інжілді оқуға тыйым бар ма? Тәурат, Забурді ше? Асқар.

Құрметті сауал жолдаушы! Алдымен мынаны айта кетелік:

Біріншіден - інжіл, таурат, забур кітаптарының қазіргі нұсқалары адамдар тарапынан өзгеріске ұшырап, түпнұсқадағы күйі сақталмағанын білуіміз керек. Алла Тағала Құран Кәрімде аталмыш қасиетті кітаптардың адамдар тарапынан өзгеріске ұшырағандығын ашық баян етеді. Мысалы «Мәида» сүресінде былай делінеді:

يُحَرِّفُونَ الْكَلِمَ عَن مَّوَاضِعِهِ ۙ وَنَسُوا حَظًّا مِّمَّا ذُكِّرُوا بِهِ

«Олар, (Тәурат) сөздерін орнынан өзгертіп, оларға берілген үгітті ұмытты...»[1].

Басқа бір аятта:

 فَوَيْلٌ لِلَّذِينَ يَكْتُبُونَ الْكِتَابَ بِأَيْدِيهِمْ ثُمَّ يَقُولُونَ هَذَا مِنْ عِنْدِ اللَّهِ

«Кітапты өз қолдарымен жазып, артынан «мынау Алла тарапынан түскен» деп айтқандарға нендей өкініш»[2].

Екіншіден – Құран Кәрім кітабы алдыңғы тәңірлік кітаптардың үкімдерін мансұқ қылғандығын білуіміз тиіс. Алла Тағала Құран Кәрімді ең соңғы иләһи кітап ретінде жіберу арқылы, одан бұрын жіберілген киелі кітаптардың үкімін жойған. Бұл дегеніміз, бүкіл адамзат бұрынғы кітаптардағы үкімдерді қойып, Құран Кәрімдегі үкіммен жүруге міндетті. Бір Құдай Тағаланың бұйрығы солай. Жаратушы Иеміз бұған қатысты «Ағраф» сүресінде былай деп өтеді:

««(Мұхаммед Ғ.С.) Былай деп айт:  Әй адам баласы! Мен барлығыңа жіберілген Алланың елшісімін. Ол сондай Алла, жер мен көктің иелігі Оған тән. Одан басқа тәңір жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Ендеше Аллаға сеніңдер әрі Аллаға және Оның сөздеріне сенген оқу-жазу білмейтін үмми пайғамбарға иман келтіріңдер әрі оған еріңдер. Сонда тура жол табасыңдар!»[3].

Үшіншіден – мұсылмандар інжіл, таурат, зәбур деген кітаптардың Алла Тарапынан түскендігіне иман етеді, сенеді. Бірақ олардың қазіргі нұсқалары - Алла Тағала түсірген киелі кітаптардың дәл өзі емес, өзгеріске ұшыраған түрі.

Ендігі жерде, інжіл, таурат кітаптарын оқуға бола ма? – деген сауалыңызға келелік.

Деректерге қарағанда алғашында Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) інжіл, таурат кітаптарын оқудан тыйған. Бірақ уақыт өте келе, дін Ислам мұсылмандардың жүректерінде орнығып, шариғат заңы адамдардың көкейінде үстемдік құрғаннан кейін, мәлімет ретінде оқуларына рұқсат берген. Тіпті бір хадисінде: «Исраил ұлдарынан жеткізе беріңдер, ағаттығы жоқ» дегендігі хадис кітаптарында айтылады[4]. Яғни, олардың кітаптарындағы кейбір мәліметтерді мәлімет ретінде оқып, білудің ағаттығы жоқ деген сөз.

Қорыта айтқанда, мұсылман адамның інжіл, таурат, забур кітаптарын оқуына болады деуіміз үшін:

  • Біріншіден, өз дінін жақсы білген болуы тиіс. Өзінің төл дінінің негіздерін білмей тұрып, Құран Кітабының қасиеттілігін ұқпай тұрып, өзге діндегілердің кітаптарын оқуына болмайды. Өз дінін жақсы білгеннен кейін, салыстырмалы түрде өзге діндердің діни әдебиеттерімен танысуына болады.
  • Екіншіден, оқудағы мақсаты - ол кітаптарды ұлықтау үшін емес, мәлімет ретінде білу үшін немесе ондағы қателіктерді көріп, Құран кітаптың ұлықтығына көзі жете түсу үшін, не болмаса, ондағы Исламмен ұштасатын шұмақтарымен танысу үшін, яки, олармен көркем түрде пікірталасқа түсу мақсатында ондағы қате тұстарын анықтау үшін, мамандығы діндер тарихшысы болғандықтан білу үшін т.б. осы сияқты мақсатта оқуына рұқсат.
  • Үшіншіден, мұсылман кісі бүкіл уақытын оған жұмсамай, уақытының көп бөлігін шариғи ғылымдарды оқып-білуге немесе өзге пайдалы білім саласын үйренуге, басқа кітаптарды оқуға сарп еткені жөн.    

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  


[1] Құран Кәрім: «Мәида» сүресі, 13 аят.
[2] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 79 аят.
[3] Құран Кәрім: «Ағраф» сүресі, 158 аят.
[4] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». Абдулла ибн Амрдан риуаят етілген.

Абдусамат Қасым