Кәпірдің дұғасы қабыл болуы мүмкін бе?
Кәпірдің дұғасы қабыл болуы мүмкін бе?
10 жыл бұрын 5820

Мұсылман емес, кәпірдің де дұғасын, Алла қабыл етеді ме? Мейіржан.

Қадірменді Мейіржан, бұл жайында ертеректе Ислам ғұламалары екі түрлі пікірді көлденең тартқан.

Бірінші пікір иелері бойынша: Алла тағала кәпірдің дұғасын қабыл етпейді. Өйткені Құран Кәрімде: «...Кәпірлердің тілегі - бос әурешілдік[1]», - дей келе олардың жасаған дұғасының қабыл болмайтынын меңзеп отыр деген әлгі ғалымдар.

Екінші ғалымдардың пайымдауынша: Жоғарыда айтылған аят (Раъд -14; Ғафир-49,50) – қиямет күнгі кәпірлердің жағдайына қатысты айтылған. Ал бұ дүниеде Алла тағала қаласа мұсылман еместердің де еткен дұғаларын қабыл етеді. Осылай болғанын Құрандағы бірнеше аяттан байқау қиын емес. Айталық «Исра» сүресі 67-аятта: «Теңізде әлдеқалай бір апатқа ұшырай қалсаңдар, естеріңе өздерің табынатын бұттарын емес, ең әуелі Алла оралады. (Бірақ) Құдай апаттан құтқарып, құрлыққа шығарса, тағы теріс бағасыңдар. Адам деген айнығыш-ақ», -  деген аяттан мейірімді Жаратушы Иеміз Алла тағала мұсылман-кәпір демей қаласа тілеген тілегін қабыл ететіндігіне ишара етіп тұр.

Сондай-ақ Алланың лағынетіне душар болған Ібіліс Алла тағаладан: «Маған адамдар қайта тірілетін кезге дейін (қияметке дейін) мәулет бер», - деп сұрайды. Сонда Жасаған: «Саған мәулет берілді»[2], - деу арқылы тілеуін қабыл еткен.

Қорытындылай келе айтарымыз, пенделерін мұсылман-кәпір деместен бәріне ырзық-несібесін беріп отырған мейірімі шексіз Алла, қаласа кәпірдің де еткен тілегін қабыл етуі мүмкін[3]. Бірақ бұл дегеніміз, олардың қиямет күні азаптан құтылуы да мүмкін дегендік емес. Өле-өлгенше Алланы жоққа шығарып, сенбей, Ислам дінін өтіріксінгендер дозаққа салынады. 

[1] Раъд – 14 аят.; Ғафир – 49,50 аят.
[2] Ағраф сүресі – 14-15.
[3] Ә-Мәрғинани: Мухтарат – 1/422 бет.

Абдусамат Қасым