Кәпір деп кімді айтамыз?
Кәпір деп кімді айтамыз?
10 жыл бұрын 31918

Әссәләмуғалейкум! «Кәпір» деп кімді айтамыз, атеисті ме? Әлде Аллаға қарсы келушіні ме? Немесе екеуін де ме? Kala Xanafi Mazxabi

Уағалейкумсалам!
Кәпір сөзі тілімізге араб тілінен енген. Арапшасы – «Кәфир». Түбірі – «Куфр». «Куфр» тілдік мағынада – жасыру, жабу, шүкірсіздік, басын алып қашу, Құдайды жоққа шығару деген ұғымдарға саяды[1].

Ал шариғаттағы анықтамасына келер болсақ: Кәпір деп, діндегі бұлтартпас дәлелдермен бекітілген діни негіздерді өтірікке шығарған, оны мойындамаған адамды айтамыз. Мысалы, бір Жаратушының барлығын жоққа шығару, Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың пайғамбарылығын өтіріксіну, періштегелерге, кітаптарға сенбейтіндер, намаз оқуды өтіріксінетіндер (намаз оқымағанымен, оның міндет екенін қабыл еткендер кәпір емес, күнәһар) т.б.

Кәпірге мына топтарды жатқызсақ болады:

  1. Әлемді жаратқан Жаратушының бар екендігіне сенбейтіндер;
  2. Жаратушыға сенгенімен, оның ортағы жоқ, жалғыз екендігін қабыл етпейтіндер;
  3. Алла бар, ортағы жоқ, жалғыз екендігіне сенгенімен, пайғамбарлық сенімін жоққа шығаратындар;
  4. Алла бар, ортағы жоқ және пайғамбарлықты хақ деп қабылдағанымен, Мұхаммедті (ғ.с.) Алланың елшісі ретінде қабыл етпейтіндер[2]. 

Кәпірлердің о дүниеде баратын жерлері мәңгі тозақ. Бұл ахыреттегі жазасы.[3] Ал бұ дүниеде мұсылмандармен байланыста, келісімде өмір сүріп жатқан адам  кәпір де болса, құқығының тапталуына жол берілмейді. 

[1] Диханшыны да арап тілінде сөздік мағынасында «Кәфир» дейді. Яғни, егін еккенде топырақ ішіне дәнді көметіндіктен («жасыратындықтан»), оны сөздік мағынасында «Кәфир» деп атаған. Құран Кәрімдегі: «Дүние – бір төгіп өтіп, егісін көгерту арқылы диқандарды қуантып тастайтын өтпелі жаңбыр секілді»[1], – деген аятта диқаншыларға «куффар» сөзін қолданады.
[2] әл-Бадаиъ: Китабус сияр – Фи бәяни Мә яътәризу минәл әсбәб әлмухаррама лилқитәл.
[3] Әл-маусуғатул фиқһия – «куфр» - 35/16 бет.

Абдусамат Қасым