«Жындар оттан жаралған болса, тозақта қалай жанбақ?»
«Жындар оттан жаралған болса, тозақта қалай жанбақ?»
4 ай бұрын 2860

Әс сәләму әләйкум! Ұстаз жындар оттан жаратылған тозақта сонда олар отта қалай жанады деген сұрақ бар еді!

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен айта кету керек, жындардың ішінде мұсылманы мен кәпірі бар. Сондықтан жындардың бәрі тозаққа кірмейді. Олардың ішіндегі Ислам дінін мойындамаған кәпірлері ғана тозаққа кіреді. Ендігі жерде, тозаққа кірсе қалай жанбақ, жалыннан жаратылған ғой?1

Біріншіден, жындар оттан жаратылған болса да, олар от емес. Жындар ешкімді жандырмайды, құдды адам балшықтан жаратылса да, денесінде балшық болмағаны секілді.

Екіншіден, адам жер жынысынан жаратылса да жерге құлағанда ауырсынатыны сөзсіз. Сол сияқты жын мен шайтан оттан жаралса да, оттың оларға азап шектіруі мүмкін екендігін жоққа шығара алмаймыз.

Үшіншіден, тозақта әртүрлі азап түрлері барын хадистерден ұғынуға болады. Мысалы, тозақта отпен азапталатыны секілді, қатты суықпен де азапталады. Тозақтағы суық азапты «зәмһәрир» (الزمهرير) деп атайды. Сондықтан да, жын-шайтандарға тозақ оты әсер етпейді деген күннің өзінде, қатты суықпен азапталулары әбден мүмкін. Аллаһу аъләм. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1Құран Кәрім, «Рахман» сүресі, 15 аят.

Абдусамат Қасым