Жын мен шайтанға сенбейтін адам мұсылман ба?
Жын мен шайтанға сенбейтін адам мұсылман ба?
1 жыл бұрын 3214

Жын мен шайтанға сенбейтін адам мұсылман ба?

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ!

Исламда жын-шайтандардың бары нақты әрі бұлтартпас ақпарлардан белгілі. Құранның аяттарында және Пайғамбарымыздың сахих хадистерінде анық айтылған. Сондықтан, бүкіл исі мұсылман халық сенеді. Тіпті, өзге дін өкілдері де, әріберіденсоң, біраз атақты философтардың өздері «жын» делінетін тылсым бір әлемнің барына сенген. Ислам тарихында бой көрсеткен ақылға көбірек мән беретін ағым - «мұғтәзилит» ағымы да жын делінген жаратылыстың барын жоққа шығармаған. Мұғтәзилит ағымының жынның хадистерде айтылған - адамға кіру, жын ұру, т.б. кейбір ерекшеліктерін жоққа шығарғаны болмаса, олардың өздері жын әлемінің барына иман еткен.

Жын-шайтанды жоққа шығарған адам кәпір бола ма?

Жын-шайтанды жоққа шығару - Құрандағы аятты мойындамау деген сөз. Құрандағы аяттарды мойындамау - кісіні кәпір етеді. Оның үстіне, жынды жоққа шығаратын адам, періштені де жоққа шығарады дегенді білдірмек. Өйткені, періште де көзге көрінбейтін жаратылыс. Жын да көзге көрінбейтін жаратылыс. Екеуі де Құранның көптеген аяттарында ашық айтылған. Сондықтан да, жынды жоққа шығарған кісі, оның артынша періштені де жоққа шығаруы алыс емес.

Сондықтан да, жын-шайтанды жоққа шығару кісіні мұсылмандықтан шығарады деуге негіз бар. Алайда, ғалымдарымыз бір мұсылманды кәпірге шығаруға асықпауды бұйырады. Мүмкін білместіктен немесе қате мәлімет оқығандықтан сондай пікірге келген болар. Оған жын-шайтанның ақиқаттығын, Құраннан аяттарын келтіріп, түсіндіріп баққан абзал.

Осы орайда мына мәселені де айта кеткім келеді. Кейде «Құранды хақ, Мұхаммед пайғамбарды рас» деп сенетін және иманның шарттарын жоққа шығармайтын мұсылманның Құран аятында келтірілген жынға қатысты ақпарды қате жорамалдап, оны түрлі нәрсеге баласа, оны кәпір деуге асықпаған жөн. Әрине, қате, әрі, Суннит ұстанымынан ауытқыған болады. Алайда, аятты қате жорамалдау әркезде кісіні күпірлікке алып келе бермейтіндігін ұмытпау керек. Имам Ағзам Әбу Ханифа (радияллаһу анһ) бір сөзінде аятты қате «тәуилдеу» кісіні кәпір етпейтінін айтқан болатын1. Әрине, бұл дегеніміз, пиғылы жамандардың әдейі аятты теріске жорамалдап жатса да кәпір болмайды деген сөз емес. Күпірлікке жетелейтін қате тәуилдер де болары сөзсіз. Бұл жерде ықыласты, өзін нақты мұсылманмын деп жүрген, бірақ кейбір Құран аяттарына қате жорамал жасаған мұсылманды айтып тұрғаны мәлім. 

Қорыта айтқанда, дінімізді білмейтін бір кісінің білместіктен «жын-шайтандарды» жоққа шығарған болса, оған мұндай тұжырымның мұсылман адамды кәпір қылатынын айтып, жындардың бары Құранда ашық баяндалғанын түсіндірген дұрыс. Алайда, Құран аяттарындағы мәліметтерді көріп тұрып, сенбей жатса, демек аяттың өзіне сенбейді деген сөз. Аятты өтіріксіну - күпірлік болады!

Сондай-ақ, дін исламға деген сенімі кәміл бір мұсылманның, жындар туралы айтқан аяттарды басқа түрлі жорамалдап, жынға басқа ұғым беріп жатса, оны қате тәуилі (жорамалы) үшін ғана күпірлікке шығарған асығыстық болады. Оған да қателігін түсіндіріп, "жынды жоқ деуге алып келетін жорамалдардың өзі кісіні діннен шығаруы мүмкін" дегенді айтып, ескерткен дұрыс. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1«إِنَّهُ لَا يكفر لِأَنَّهُ مُؤمن بالتنزيل ومخطىء فِي التَّفْسِير الخطا فِي التاويل لَا يكفر بِهِ الْمَرْء» - «Ол кәпір емес. Өйткені, аяттың түскеніне сенеді, бірақ тәпсірінде қателесіп тұр. Аяттың тәуилінде (жорамалдауында) қателескен адам кәпір болмайды». (Имам Ағзам: әл-Фиқһуль Әбсат).

Абдусамат Қасым