Жасанды жауын жауғызуға шариғат не дейді?
Жасанды жауын жауғызуға шариғат не дейді?
3 жыл бұрын 8378

Ассаламуалайкум! Жасанды жауынға шариғат не дейді? Жауап бере аласыз ба, мүмкін болса! Абдульазиз.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, әрекет – пендеден, берекет – Алладан. Сондықтан да, жасанды жауын жаудыру техникасы - адам баласының әрекеті. Ал бәрібір берекетін беретін, яғни, жауынның қанша мөлшерде жауатындығы, қай сәтте жауатындығы - бір Алланың қолында. Оның үстіне жасанды жауын жаудыру, ол – дайын бұлттарды шақырып, жауын жаудыру технологиясы. Мысалы, жоқ бұлттарды тудырып, оны жаңбырға айналдыру технологиясы, білуімше, әлі ойлап табылмады.

Діни тұрғыда қарайтын болсақ, жасанды жауын жаудыру технологиясының шариғатқа қайшы тарапы жоқ, бастысы – табиғатқа, адамзатқа зияндығы болмауы керек. Егер, зардабы анықталып жатса, дінде тыйым салынады. Өйткені, қағида бойынша:

«Жамандықты болдырмау – жақсылықты болдырудан бұрын тұрады»[1].

Жалпы алғанда, Алла Тағала бұл әлемді белгілі табиғат заңдылықтарына бағындырған десек қателеспеспіз. Оны «сүннетуллаһ» дейміз. Адам баласы Алланың үйретуімен физика заңдылықтарын анықтап, соған қарай әртүрлі технологиялар ойлап таба алады. Негізінде ғылым – Алланың бекіткен табиғи заңдылықтарын анықтау тәсілі болып есептеледі. Құран тілімен айтқанда «Сәбәб», яғни, «себеп». Құран Кәрімде Алла Тағала Зүлқарнайынға әр нәрсенің «себебін» бердік деген:

«Біз оған (Зүлқарнайынға) әр нәрсенің себебін бердік»[2].

Осындағы «себеп» сөзін – дүние заңдылығын немесе физика заңдылығын білу ғылымы деп түсінуге болады.

Яғни, пенде дүниедегі құбылыстардың себептерін анықтап, сол бойынша әрекет ете алады. Бірақ, ол тек себепші ғана. Ал, әр нәрсенің абсолютті себебі – Алла Тағала. Сондықтан да, «жауынды жаудырған - технология» деп сенбеу керек, ол тек себеп қана. Жауынды жаудырушы Алла Тағала деп сенеміз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

«Алла Тағала аспаннан берекетін түсірген кезде, адамдардың бір тобы оны жоққа шығарады (немесе сол себепті кәпір болады). Жаңбырды жаудыратын – Алла. Ал, олар: «мынау жұлдыз, анау жұлдыз (жаудырды)» дейді»[3].  

Ендеше, жасанды жауын жаудыру технологиясын қолданып, жаңбыр жаудырсақ та, оны Құдай Тағаланың фазыл-берекетінен деп түсінуіміз керек екен. Егер, Алла Тағаланың ісін жоққа шығарып, тек технология жаудырды десек, бұл күпірлікті тудырады. Сол себепті, мұсылман адам себептерді қолданады, бірақ оның нәтижесін «Алланың берекетінен» деп сенеді. Осы жөнін есте сақтаған дұрыс.

Қорыта айтқанда, жасанды жауын жаудыру немесе жасанды жолмен жауын шақыру технологиясын қолдану – дінге қайшы емес. Ол тек – себеп. Оны себеп ретінде қарау керек. Негізгі жауынды жаудырушы Зат, ол – Құдай Тағала. Осы тұрғыда, жасанды жауын шақыру технологиясын қолдану – адамзатқа, табиғатқа немесе әлдебір елге кесірін тигізіп жататын болса, оны қолдану дінге қайшы болады. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] درء المفاسد أَولى من جلب المصالح
[2] Құран Кәрім: «Кәһф» сүресі.
[3] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №72.

Абдусамат Қасым