Жан алғыш періште біреу ме, әлде бірнеше ме?
Жан алғыш періште біреу ме, әлде бірнеше ме?
10 жыл бұрын 22387

Ассаламуғалейкум! Жер бетінде 7 миллиард адам өмір сүреді десек, соның ішінде бір күнде бірнеше мың кісі көз жұмып жатады. Солардың әр қайсысына бір періште қалай үлгереді? Әлде Әзірейіл періште ғана емес, басқа да періштелер бар ма? Саламат

Уағалейкумсалам, Саламат! Біріншіден, жан алатын періште  жалғыз емес, олар көп. Мұны Құран Кәрімдегі аяттардан байқау қиын емес. Мысалы, Әнғам сүресінде былай делінеді: «Біреулеріңе өлім келген сәтте, біздің жіберген періштелеріміз жанын алады әрі олар оны қалтықсыз орындайды»[1]. Осы аятта жаң алғыш періштелер көпше түрде келген. Және Назиғат сүресінде де олар көпше түрде айтылады: «(Кәпірлерін жанын) Қинап суырып алушы, (ал мүминдердің жанын) жеңіл алушы періштелер атымен ант етемін»[2] .   

Олардың басшысы - Әзірейіл (ғ.с.). Өзгелері оның жәрдемшісі.  Деректерге сүйенсек, сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) бұл жайында былай дейді: «Жан алушы періштенің жәрдемші періштелері бар. Олар рухты денеден шығарады. Адамның рухы жан алқымына келген тұста жан алушы (Әзірейіл) періште оны ұстап алып кетеді». Құран мен хадистерде  Әзірейіл періштені «мәләкул мәут», яғни «өлім періштесі» деп атаған.

Осы жағдайға Уақиға сүресінде де ишара етіп тұрғандай: «Ал жан алқымға келген кезде. Сол уақытта сендер қарап қаласыңдар. Негізінде оған сендер емес, біз жақынбыз. Бірақ сендер көрмейсіңдер».[3]

Екіншіден, сахабаның көзін көрген ғалым табиғин Мүжәһидтің (м.642-722 ж) айтуы бойынша, бұл дүние Әзірейіл періште үшін, адамның алдына қойылған табақ тәріздес. Қалайша адам өзінің алдына қойылған табақтан қалаған нәрсесін алатын болса, тура солайша Әзірейіл Алла бұйырығымен адамдардың жанын солайша жеңіл, бір мезгілде және қиындықсыз алады.  Мұндай құбылыс бір қараған адамға ақылға сыйымсыз боп көрінуі мүмкін. Бірақ ой жүгіртіп, ойланған жанға, жер шарымыздан миллион есе үлкен галактикаларды жоқтан бар етіп, оны өз қалпында жүргізіп отырған Құдірет Иесі үшін, осы дүниені періштенің уысына ұстатуы қиынға соқпайтындығы жасырын емес. Ең дұрысы – Аллаға мәлім.

[1] Әнғам сүресі – 61 аят.
[2] Назиғат сүресі – 1,2 аят.
[3] Уақиға сүресі -84-85 аяттар.

Абдусамат Қасым