Жәһмиттер дегеніміз кімдер?
Жәһмиттер дегеніміз кімдер?
10 жыл бұрын 8281

Әссәләмуғалейкум! Менің сіздерге қойғым келген сұрағым мынадай: Жәһмиттердің «мүташабиһ» аяттарға деген көзқарастары, ұстанымы (иәд, уәжһ т.б.) қандай? Олар - Алланың сипаттарын таза жаратылысқа ұқсатушылар ма? Әлде мүлдем жоққа шығарғандар ма? Әбу Ахмад Әл-Ханафи

Уағалейкум әссәләм! Жәһмия - хижри жыл санауы бойынша, 2-ғасырда мұсылман әлемінде бой көрсеткен адасушы діни-философиялық ағымдардың бірі. Құрушысы - хорасан өңірінен шыққан Жәһм ибн Сафуан атты адам. Жәһм кәләм ғылымымен терең шұғылданды. Талас-тартыста алдына жан салмайтын болған. Ол өзінің теріс пікірлерін таратуға тырысты. Ақырында Умеяттар халифалығының соңғы жылдары, Хорасан өңіріндегі тәртіп сақшыларының басшысы Сәләм ибн Ахуаздың қолынан өледі.

Жәһмиттер Аллаға қатысты Құранда айтылған сипаттарды екіге бөліп қарастырды:

  1. Адамдарға тән сипаттар.
  2. Адамдарға тән емес сипаттар.

Олардың пікірлерінше, адамдарға тән сипаттарды Аллаға да тән дей алмаймыз. Өйткені, бұл - «тәшбиһ»-қа, яғни, Алланы жаратылғандарға ұқсатуға алып келеді-мыс. Мысалы, Алланы «білуші», «тірі», «қаһарлы» т.б. осы сияқты адамдардың да бойынан табылатын сипаттармен сипаттай алмаймыз. Бірақ, «құдіретті», «жасаушы», «жаратушы», «тірілтуші», «өлтіруші» деген сипаттар Аллаға жарасады, себебі бұлар пендеде жоқ деді олар[1]. 

Осы орайда мүтәшәбиһ аяттарға қатысты «әһли сүннет» ғұламаларының да ұстанымын қысқаша айта кетелік. Әһли сүннет ғұламаларында әлгіндей аяттарға байланысты екі түрлі ұстаным қалыптасқан: Әуелгілердің (сәләф) ұстанымы және кейінгілердің (хәләф) ұстанымы.

Әуелгілердің ұстанымы бойынша:

  1. Мүтәшәбиһ аяттардың мағынасын бір Алла біледі.
  2. Біздің міндетіміз - ондағы айтылғандарға иман келтіру ғана.
  3. Және, ең бастысы - Жаратушы Иемізге лайық емес дүниелерді Оған жапсарластырудан ұзақ болуымыз шарт (тәнзиһ).   

Кейінгілердің (халаф) ұстанымы бойынша:

  1. Мүтәшәбиһ аяттардағы айтылғандарды қабыл ету (мойындау, сену);
  2. Мүтәшәбиһ аяттардағы айтылғандарға жорамал жасауға болады (тә’уил).
    Бірақ, тә'уил жасарда екі нәрсе ескерілуі керек: а) Берілген мағына Жаратушы Иеміздің ұлықтығына сәйкес келетіндей болуы шарт. Ұлылығына көлеңке түсірмеуі керек (тәнзиһ). ә) Араб тілінің ерекшеліктерімен үйлесуі тиіс.
  3. Жорамал нәтижесінде берілген мағына - аяттағы Алланың мақсат еткен ақиқи мән-мағынаның дәл өзі деп ойламай, ондай аяттың ең дұрыс мағынасы бір Аллаға мәлім екендігіне сену[2].
Кейінгі ғалымдардың (халаф) осындай ұстанымы заманның талабына сай туындаған тәсіл деген пікірдеміз. Себебі, Жаратушыны жаратылғандарға ұқсатып түсіндірген «мүшәббиһә» сынды теріс ағымдағылар ауыспалы мағыналы аяттарды тікелей алып, өздерінің қате сенімдерін ел арасына жаюға тырысты. Қарапайым халықты олардың жетегінде кетуден сақтау мақсатында әлгіндей аяттарды ғалымдарымыз «таухид» сенімі аясында тәуил жасап, түсіндіруге тырысты...

Жәһмия ағымдағылардың басқа да сорақы пікірлері бар. Солардың кейбірі төмендегідей:

  1. Адам  баласының таңдау еркіндігі жоқ деді. Адамның өз бетімен әрекет ететіндей күш-қуаты да жоқ. Барлық істерін Алла тағала жаратады. Құдды өзге жансыз заттар секілді. Осы тұрғыдан алып қарағанда,  адам қандай да бір қылмыс істесе, ол әрекеті үшін жазаға тартылмауы тиіс. Өйткені, оның еркінде емес. 
    Мұндай көзқарас Ислам дініндегі «пендедегі таңдау еркіндігі» деген негізге қайшы. Құрандағы бірнеше аятта адам баласына таңдау еркіндігі берілгендігі баса айтылған. Мәселен, Кәһф сүресінде: «Оларға айт: Бұл ақиқат - раббыларыңнан. Қалаған сенсін, қаламаған сенбесін...», - делінген.  (Кәһф сүресі, 29-аят).
  2. Иман – білуден, ал, күпірлік – білмеуден тұрады. Иман келтіру үшін жүрекпен растап, тілмен айтудың қажеті жоқ. Іштей білсе де жеткілікті деді олар. Адам дін негіздерін білу арқылы да иманды бола алады-мыс[3].  Мұндай түсінікке Имам Ағзам Әбу ханифа былай деп жауап береді: «...«білу» де иман келтіргендік емес. Әйтпесе, кітап иелерінің (христиан, яхуди) бәрін мүмін-мұсылман дер едік. (Өйткені олар Мұхаммедтің пайғамбар екенін біледі, бірақ мойындамайды, жүректерімен растамайды). Кітап иелері жайында Алла тағала: «Бізден кітап барғандар (кітап иелері) өздерінің ұлдарын қандай білсе, (Мұхаммедтің сипатын) сондай біледі...», - деген. (Бақара сүресі, 146-аят).[4]
  3. Алла тағала бір нәрсені жаратпай тұрып, ол жайында ешнәрсе білмейді[5]. Бұндай тұжырым Алланың әзәлдән барлық нәрсені білуші екендігін жоққа шығаруда. Бұл Құрандағы ашық аяттарға қарама-қайшы. Исламда Алла Тағаланың білгіштігінде шек жоқ. Ол болғанды да, болатысыны да әзәлдән біледі. 

Жаратушы Иеміз баршамызды тура жолдан тайдырмасын!

[1] Шәһристани, әл-Миләл уән Ниһал - Әл-Жәбрия ,  әл-Жәһмия.
[2] Нуриддин ас-Сабуни, әл-Бидая,  26-бет.  
[3] Шәһристани, әл-Миләл уән Ниһал: Әл-Жәбрия – әл-Жәһмия.
[4] Әл-Уәсия.
[5] Шәһристани, әл-Миләл уән Ниһал: Әл-Жәбрия – әл-Жәһмия.; әл-Бағдәди, әл-Фарқ бәйнал Фирақ. Фаслус садис.

Абдусамат Қасым