Исму-Ағзам дұғасы қандай дұға?
Исму-Ағзам дұғасы қандай дұға?
10 жыл бұрын 60699

Әссәләмуғалейкум, сайт ұжымы! Осы, дұғалардың ішінде «Исму-ағзам» деген дұға бар екен. Ол қандай дұға, сол тұралы айтсаңыздар! Рахмет. Ержігіт Дайрабек.

Уағалейкумсалам!
«Исму-Ағзам» деген сөздің қазақша мағынасы « Ұлық Есім» дегенді білдіреді. Яғни, Алланың ұлық есімін атай отырып дұға еткен кісінің дұғасы қабыл болады. Бірақ Жаратушы Иеміздің есімдерінің ішіндегі қайсысы «Исму-Ағзам» екендігі жайында нақты дерек жоқ. Дегенмен көпшілік ғұламалардың пайымдауынша  Исму-Ағзамға   «Аллаһ» есімі жатады. Бұл сахаба Абдулла ибн Аббастың (р.а.) және кейінгі табиғин ғұламалардың пікірі. Соның ішінде Әбу Ханифа да (р.а.) бар.   

 «Исму-Ағзам дұғасына» келер болсақ, оған қатысты риуаяттарда бірнеше дұға айтылған. Атап айтсақ, бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) әлдебіреудің былайша дұға етіп отырғанын естиді:

الَّلهُمَّ إنِّي أسألُكَ بأنَّي أشهدُ أنَّكَ أنتَ اللَّهُ لا إلهَ إلاّ أنتَ الأحَدُ الصَّمدُ الَّذِي لمْ يَلدْ ولمْ يُولَدْ ولمْ يكُنْ لهُ كفوًا

«Аллаһуммә инни әс’әлукә, биәнни әшһәдү әннәкә әнтә Аллаһ. Лә иләһә иллә әнтәл Ахаду, ас-Самаду әлләзи ләм ялид уә ләм юләд, уә ләм якун ләһу куфуан ахад». Сонда Алла елшісі оған:« Күмәнсіз сен Алладан оның ұлық есімімен сұрап отырсың. Ол есімді айта отырып сұраған кісіге сұрағаны беріледі, тілеген дұғасы қабыл болады»[1], - дейді.

Сондай-ақ, сахаба Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Қалқада Пайғамбарымызбен бірге отырған едім. Сол жерде бір кісі намаз оқып жатқантұғын. Ол рукуғын, сәждесін жасады, отырып тәшәһһуд дұғасын оқыды да, былайша дұға етті:

اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ بِأَنَّ لَكَ الْحَمْدَ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنْتَ ، الْمَنَّانُ يَا بَدِيعَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ ، يَا ذَا الْجَلَالِ وَالْإِكْرَامِ ، يَا حَيُّ يَا قَيُّومُ ، إِنِّي أَسْأَلُكَ

«Аллаһумма инни әс'әлукә биәннә ләкәл хамду, лә иләһә иллә әнтәл Маннану, Иә Бадиғас-самауәти уәл Ард. Иә зәл Жәләли уәл икрам. Я Хаию я Қайюму. Инни әс'әлукә»

Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Білесіңдер ме, не нәрсемен дұға еткенін?», - деп сұрады. Сахабалар: «Алла және оның расулі жақсы біледі», - деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Өмірімді өз қолында ұстаушы Аллаға ант етейін, ол Алладан оның ұлық есімі арқылы сұрады. Ол есімді айту арқылы кім дұға етсе дұғасы қабыл болады, сұрағаны беріледі», - дейді[2].

[1] Әбу Дәуід; Тирмизи; Ибн Мәжә; Ахмәд ибн Ханбәл.
[2] Ахмәд ибн Ханбәл, Мүснәд; әл-Мустәдрак; Ат-Табарани, әд-дуға.

Абдусамат Қасым