Имам Мәліктің «Истиуә – мәлім...» деген сөзін қалай түсінеміз?
Имам Мәліктің «Истиуә – мәлім...» деген сөзін қалай түсінеміз?
10 жыл бұрын 8272

Әссәләмуғалейкум! Құрметті сайт ұжымы. Сіздерге Алла разы болсын, сайттарыңыздан көптеген мәліметтерге қол жеткізіп жүрміз. Сұрайын дегенім, сайттарыңызға жарияланған бір мақалада Имам Мәліктің: «Истиуә - мәлім. Қалай екендігі – беймәлім. Оған сену - уәжіп. Ал, ол жайында сауал қылу – бидғат» - деген сөзін оқып қалдым. Бұл сөзді қалай түсінсек болады? Рамазан

Уағалейкум әссәләм, Рамазан!
Адамдардың бірі келіп Имам Мәліктен «ъаләл Ъарш истәуә (Алла Аршқа истәуә етті)» аятындағы «истәуә» сөзінің мән-мағынасын түсіндіріп беруін сұрайды. Сонда Имам Мәлік оған:

«الاستواء معلوم، والكيف مجهول، والإيمان به واجب، والسؤال عنه بدعة»

«Истиуәнің (бар екендігі) - мәлім. Қалай екендігі - беймәлім. Оған иман келтіру - уәжіп. Ал, ол жайында сауал қылу – бидғат», - деген екен[1].

Түсіндірмесі:

1. Истиуә - мәлім.  Яғни "ъаләл ъарши истәуә (Алла Аршқа истиуә етті) аятының Құранда бар екендігі мәлім, белгілі. Оны жоққа шығармаймыз. 

2. Қалай екендігі - беймәлім. Яғни, аталмыш аяттағы "истиуәнің" қалай болғандығын және қандай мағынада айтылғандығын Алла Тағала ашық баян етпеген.
3. Оған иман келтіру - уәжіп. Біз аталмыш аяттың мән-мағынасына тереңдеместен (« آمَنَّا بِهِ كُلٌّ مِّنْ عِندِ رَبِّنَا) аталмыш аяттың Алланың сөзі екендігіне шек келтірмей, иман келтірдік дейміз де қоямыз. 
4. Ал, ол жайында сауал қылу – бидғат (дінде жоқ нәрсе). Себебі, бұл жайында Пайғамбарымыздың заманында және сахабалардың кезінде ешкім сұрамайтын. Өйткені, адамның ақылы жетпейтін дүниелерге тек иман ету ғана парыз[2]. Имам Мәліктің жоғарыдағы сөзінің төркіні осында жатыр. Ең дұрысы - Аллаға мәлім.

Әбу Ханифаның (р.а.) осыған байланысты айтқан сөзін мына сілтемеден оқи аласыз:  http://islam.kz/kk/articles/aqida/al-uasiya/abu-hanifanyn-aqidaga-qatysty-osieti-alla-arshqa-otyrdy-ma-3-ereje-692/#gsc.tab=0 

[1] Кейбір деректерде «Истиуә белгісіз емес. Қалай екендігіне ақыл жетпейді...» деп келеді.
[2]Ибн Қази әл-Ъажлүн,  Бадиъул Маъани фи шархи ъақидати әш-Шайбәни, 52 бет. 

Абдусамат Қасым