Христиандардың «пасха нанын» жеуге бола ма?
Христиандардың «пасха нанын» жеуге бола ма?
2 ай бұрын 1969

Ассалямуалейкум! Тағы бір сұрақ. Қазір мына басқа діннің мейрамы болып жатыр. Пасха деген. Жұмыста боялған жұмыртқа мен тәтті нанын алып келіп таратып жатыр. Ұялғаннан бас тарта алмадым қолын итермей сыйластық жасап. Негізі оны мұсұлмандарға жеуге бола ма? Нанынан ауыз тидім. Бірақ жұмыртқасын жемедім.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Христиандардың және өзге де дін өкілдерінің мейрамдарына арнап пісірген астарын жеуге болады, бастысы әкелген астары Исламда адал саналатын ас түрлерінен болуы шарт. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына бір риуаятты келтірелік. Ибн Әби Шәйбәның «әл-Мусаннаф» атты хадистер кітабында орын алған бұл риуаятта Айша анамыздан (р.а) бір әйел келіп: «Біздің қол астымызда мәжуси дініндегілер бар. Олардың өз мейрамдары болып тұрады. Сол мейрамдарында бізге сыйлықтар беріп жатады» - деп сұрайды. Сонда Айша анамыз: «Сол күнге арнап сойылған еттен жемеңдер. Бірақ ағаштарынан (жеміс-жидек және көкөністерінен) жеңдер», - деп ескерткен екен. Айша анамыздың «ағаштарынан жеңдер...» деген сөзінен өзге діндегілердің мейрамдарына арнап пісірген астарының шариғатта адал саналатын түрлерінен жеудің мубах (рұқсат) амал екендігін ұғынамыз.

Ең дұрысы Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

 

Абдусамат Қасым