Сұрақ 1: Ассаляму алейкум! Екінші сұрағыма жауап берсеңіз! Кітап иелері Аллаға мекен беріп: «Аспанда» деп есептей ме? Нұрлыбек
Сұрақ2.: Ассаламуғалейкум! Сәләфилер секілді христиандар да «Алла аспанда» дей ме?
Христиан дінінде де «Алла аспанда» дей ме?
|
Сұрақ 1: Ассаляму алейкум! Екінші сұрағыма жауап берсеңіз! Кітап иелері Аллаға мекен беріп: «Аспанда» деп есептей ме? Нұрлыбек
Сұрақ2.: Ассаламуғалейкум! Сәләфилер секілді христиандар да «Алла аспанда» дей ме?
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Христиан діні бойынша, Құдай - көкте орналасқан. Киелі Кітаптың (библия) «Забур жырлары» бөлімінде (псалтирь) мынадай сөйлем айтылады:
«Құдай өзінің киелі храмында. Құдайдың тағы – көктерде...»[1].
«Жаратқан Ие көктен жерге қарайды. Сонда күллі адамзатты көзімен шолады. Өз тағынан жер тұрғындарын байқар»[2].
«Пайғамбарлар жазбалары» атты бөлімде:
«Құдай Ие мынаны айтады: Аспан – менің тағым. Жер – менің аяғымның астында (немесе табан тіренішім)...»[3].
Бірақ, сәләфи бағытындағы мұсылмандар христиандар секілді құдай көкті мекендеп, сол көктегі тағында отырып бізді төбеден бағылап отыр демейді. Сәләфиттердің «Алла аспанда» деген тұжырымдамаларының астарында «Ъулү» түсінігі жатыр. Яғни, «Алла затымен (бизәтиһи) жоғарыда. Биікте» деген ұғым: Алла көктің де үстінде дегендік.
Алайда, жоғарғы тұста деп айтудың өзі қате. Алла Тағаланың әр нәрседен биік, аса жоғары мәртебелі екендігінде ешкімнің дауы жоқ. Оның «әл-Ъали» сипаты бар. Бірақ, жоғарғы жақта деп айту – Аллаға тұс беру болып саналатындықтан қате тұжырым.
Әһли сүнна уәл жамағат түсінігі бойынша, Алланың мекені жоқ, әрі Ол ешбір тұста емес. Алла Тағала мекендер мен тұстар жаратылмай тұрғанда бар еді. Біз жоғарыға қарап дұға тілейтін болсақ, бұл – Жаратушының жоғарғы мәртебелі, асқан ұлық екендігін көрсетеді. Намазда жүзімізді құбылаға беттеуіміз – Жаратушының Меккеде екендігін білдірмейтіні секілді, дұға жасағанда жоғарыға беттеуіміз де, Оның аспанда екендігінің белгісі емес.
Осы мәселе төңірегінде қосымша мәлімет ретінде мына сілтемені оқысаңыз болады: «Алла аспанда» дейтін сәләфилер кәпір ме? http://islam.kz/kk/questions/aqida-senim/alla-aspanda-deitin-salafitter-kapir-me-olai-deulerinin-astarynda-ne-jatyr-1081/#gsc.tab=0
[1] Киелі Кітап: Забур жырлары – 10:4
[2] Киелі Кітап: Забур жырлары – 32:13,14.
[3] Пайғамбарлар жазбалары: Ишая – 66:1.