«Дүкеннен береке кетпесін» деп дуалға қан жағады немесе балаға қан жағады. Осындай салт қаншалықты дұрыс?
«Дүкеннен береке кетпесін» деп дуалға қан жағады немесе балаға қан жағады. Осындай салт қаншалықты дұрыс?
4 жыл бұрын 4637

Ассәләмуғалейкум! «Қандау» мәселесін толық айтып кетсеңіз.Үйімнең, магазинімнен береке кетпесін» - деп дуалға қан жағады. Екіншісі – дертіне шипа болсын деп адамға немесе балаға қан жағады. Қандай жағдайда қандау дұрыс немесе бұрыс? Нұрлан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қанды ырымдап дуалға немесе балаға жағу үрдісі мұсылманшылықта орын алмаған. Қазақ халқында да қанға шомылу, қан жағу сияқты қалыптасқан үрдіс жоқ. Мұндай үрдістерді көбіне "шаманизмнен қалған жарық шақтары" десек болатын шығар. Бақсы-тәуіптерде қан жағу үрдісі кездесуі мүмкін.

Ал, Исламда қан – лас және ауыр нәжіс саналған. Аққан қанның нәжіс екендігі Құран Кәрімде ашық білдіріледі. ("Әнғам" сүресі, 145 аят). Мысалы, шариғатта киімге алақанның ойығындай көлемде қан жағылса, ол киім нәжіс саналып, онымен намаз оқуға болмайды. Тиген қанды жуып тастау керек немесе басқа киім киіп оқу керек.

Ендеше, қабырғаға қан жағу немесе балаға, үлкенге қан жағу, қанға шомылу, қан ішу – бұлардың бәрі мұсылманға жат, істеуге болмайтын харам істер.

Бірақ, қазақ салтында «қырман қандау» немесе «ту қандау» деген салттар болған. Қырман қандау дегені, құрбан шалып қан ағызу дегені. Бұл көбіне «құдайы» деп аталады. "Ту қандау" болса, шешуші шайқас кезінде ақ боз атты сойып, ақ туды қанға бояған екен. Ондағы мақсаты, қасық қанымыз қалғанша соғысамыз деп серттесудің бір түрі болса керек. Мұндай салттардың діни тұрғыда ағаттығы болмас. Бірақ, сіз айтқандай жасау – дінге де, ақылға да сыйымсыз, соқыр сенімділіктен туған, бос ырымнан басқа ештеңе емес. Үкімі – харам!

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым