Бұл дүниеде неше ғылыми жаңалық ашып, бірақ Ислам дінін өтіріксінсе, ол тозаққа, ал түк бітірмеген мұсылман пейішке бара ма?
Бұл дүниеде неше ғылыми жаңалық ашып, бірақ Ислам дінін өтіріксінсе, ол тозаққа, ал түк бітірмеген мұсылман пейішке бара ма?
1 жыл бұрын 2923

Сонда о дүниені емес осы дүниені өркендетіп ғылыммен,біліммен алға сүйреп адамдарға (соның ішінде ислам дінін ұстанушыларда бар) қолайлы өмір сүру үшін адам баласына керекті нәрселерді ойлап тауып жатырған бірақ ислам дінін ұстанбайтын адамдар тозаққа бара ма?... (сауал ықшамдап алынды).

Құрметті сауал жолдаушы, әуелі мынаны білуіміз керек - құдайға сенбейтін немесе Исламға сенбейтін пенделердің жасаған жақсылықтарының қарымтасы осы дүниеде беріледі, пайдасын осы дүниеде көреді, бірақ о дүниеде Аллаға және оның хақ дініне сенбегені үшін жасаған жақсылықтары өшіп кетеді. Құранда бұл жайында былай делінген: «Сондай Раббыларының аяттарын және Онымен жолығатындықтарын жоққа шығарғандардың істеген істері жойылып кетеді де, біз қиямет күні олар үшін амал таразысын құрмаймыз»1. 

Ал енді, бұл дүниеде неше ғылыми жаңалық ашып, қоғамның дамуына үлесін қосып, бірақ Ислам дінін өтіріксінсе, Аллаға және пайғамбарына сенбесе, ол тозаққа барады да, ал түк бітірмеген мұсылман пейішке бара ма? Бұл әділетсіздік емес пе? - деген сауалға былай деп мысалмен жауап берелік. 

Мысалыға, сіздің екі балаңыз бар делік. Біріншісі өте табысты, ғылыми жаңалықтар ашып, атағы шыққан, бірақ сізді әке ретінде мойындамайды, сізді сыйламайды, келеке қылады, тіпті мүмкіндік туса ұрып кетуден тайынбайды. Екінші ұлыңыз болса, керісінше қарапайым, ешқандай ғылыми атағы жоқ, ешқандай жеткен жетістігі жоқ, жәй ғана қара жұмысшы. Бірақ сізге мейірімді, үнемі қарайласып, сізді қартайған уағыңызда жуындырып шайындырады, асыңызды береді, сізге өте мейірбан. Енді сұрақ: Сіз үшін осы екі ұлыңыздың қайсысы жақын болар еді -  cізді әке ретінде мойындамайтын "табысты" ұлыңыз ба, әлде сізді "әкелеп" тұратын қарапайым ұлыңыз ба? Әрине, сізге екінші ұлыңыз жақын болар еді, екіншісін жақсы көріп тұратын едіңіз. Ертеңгі күні үйіңізді де сол екінші балаңызға жаздырар едіңіз. Ал бірінші балаңызды болса "ой, оның аузынасиейін, атағы өзіне!" дер едіңіз.

Енді айтыңызшы, неге Жаратушы Алла Тағала өзін өтіріксінетін, елдің бәріне: «Құдай жоқ, сенбеңдер, о дүние жоқ, бәрі өтірік» деп жүрген пендесін - Құдайды мойындайтын, күнә жасамайтын, Құдайға шүкіршілік етіп тұратын пендесінен артық көруі керек? Сізді мойындамайтын балаңызды, сізге жақын балаңыздан артық көрер ме едіңіз? Артық көрер болсаңыз, сізге мейірбан болған балаңызға әділетсіздік жасаған болмайсыз ба? Міне, Құдай Тағаланың да о дүниеде иман еткен қарапайым мұсылман пендесін, иман етпеген бірақ бұ дүниеде жетістікке жеткен пендесінен артық көруі де солай. Құдай Тағала о дүниеде өзіне сенбеген пендесіне: «Сен, жеткен жетістіктеріңнің бәріне менің арқамда жеттің, сөйте тұра сен мені жоққа шығарып өтіріксіндің, ол жетпегендей, менің жіберген дінімді қаралап, елдің бәрін қарсы қойдың. Осы ма сенің рақметің" - демей ме? Сонда ол не деп жауап бермек? Алла Тағаланың иман еткен мұсылманды пейішке кіргізуі - рахымдылығы. Ал кәпірді тозаққа салуы - әділдігі.

Осы тұрғыда айта кетелік, Ислам дінінде жүрегінде иман бола тұра ғылым оқып, елге пайда тигізу өте үлкен сауап. Иман еткен мұсылман үшін қоғамға пайда әкелу - о дүниеде сауабы үзілмей барып тұратын жақсылық. Кезінде тарихта қаншама теңдесіз мұсылман ғұламалар бой көрсетті! Соның бәрі Исламның ғылымға деген шабыттандыруының арқасында туындаған. Әзіреті Әлидің: «Ғылым – мүмін-мұсылманның жоғалтқан заты. Оны мүшріктердің қолынан болса да алыңдар!» деген сөзінің өзі, Исламның дүниелік ілімді алуға ынталандыратындығының дәлелі. Әлхамдулилләһи Раббиль Аләмин!


1 Құран Кәрім, «Кәһф» сүресі, 105 аят.

Абдусамат Қасым