«Битва экстрасенсов» бағдарламасын көруге бола ма?
«Битва экстрасенсов» бағдарламасын көруге бола ма?
7 жыл бұрын 5131

Әссәләмуғалейкум! Теледидардан болатын "Битва экстрасенсов" бағдарламасын көруге бола ма? Жадыра

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті Жадыра, аталмыш бағдарлама көпшілікке арналып көрсетілетін, арнайы дайындалған шоу деп ойлаймын. Өңшең жын-шайтанмен байланыс құратындар мен өтірікші алаяқтардың жан-жақтан жиналып алып, көместің жаршысы ретінде өздерін әлемге паш ететін бағдарлама. Егер де, сол жерде жиналғандардың сәуегейліктері рас болса, неге полиция қызметкерлеріне ұрлықшылар мен аса қауіпті қылмыскерлерді ұстап бермейді?  

Дініміз бақсы-балгерлерге, көріпкелдерге барудан қатаң тыйғандығы жасырын емес. Оған қатысты айтылған ардақты Пайғамбарымыздың көптеген хадистері бар[1]. Сондай хадистің бірінде Алла елшісі былай дейді:

«Кімде-кім көріпкелге (Ъарраф-العَرَّافُ) келсе және одан бір нәрсе сұрап, айтқанына нанса, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды»[2].

Аталмыш хадистің арабша мәтініндегі «Ъарраф-العَرَّافُ» сөзіне мынадай анықтама беріледі: әлдебір жоғалған немесе ұрланған заттың қайда екендігін, яки кімнің ұрлағандығын, ұрлықшының түр-сипатын т.б. нәрселерді ешқандай логикалық яки ғылыми айғақтарға сүйенбестен болжайтын адам. Осы анықтамаға қарағанда хадистегі тыйым экстрасенстерді де қамтып тұр.

Тоқ етерін айтқанда, аталмыш бағдарлама дінімізге қайшы. Мұсылман кісі ондай бағдарламаларға уақыт сарп еткеннен гөрі, кітап оқу сияқты өзіне пайдалы дүниелермен айналысқандығы дұрыс. Құран Кәрімнің «Фұрқан» сүресінде: «Олар өтірікке айғақ болмайды» десе[3], «Ағраф» сүресінде: «Сен кешірімділік жолын ұстан. Дұрыстықты бұйыр. Әрі надандардан бет бұр», - делінген[4].


[1] Ахмед – 2/429 бет.
[2] Ахмәд ибн Ханбәл.  Мүснәд.
[3] Фұрқан сүресі, 72 аят.
[4] Ағраф сүресі, 199 аят.

Абдусамат Қасым