Беташарда келіннің әруақтарға арнап сәлем салуы дурыс па?
Беташарда келіннің әруақтарға арнап сәлем салуы дурыс па?
7 жыл бұрын 12713

Ассаламу алейкум! Бір сұраққа алі жауап алмаған едім. Беташар тойда жаңа түскен келін қайтыс болған қайын атасына иіліп сәлем береді. Соның үкімі қандай?  Жалпы бет ашпас бұрын жиылған жұртқа сәлем беруінің еш қайтаратындай амал емес екенін білемін, бірақ осы аруақтарға сәлем салуы қалай болмақ? Айта кетейін оңтүстік өңірде осындай салт бар. Беташар тойында жаңа түскен келін қайын ата-анасына, туысқандарға, үлкен кішіге сәлем салады... Шерхан.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті Шерхан, бұл – өте нәзік тақырып. Сондықтан да, пәлен деп нақты кесіп айту қиын. Әйтсе де, мұнда да адамның ниеті маңызды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Амалдар – ниетке байланысты», - деген. Сәлем салудағы мақсаты не? Соған қарай үкімі де өзгереді деген ойдамын. 

Анығырақ айтқанда, егер ондай әрекет әлдебір наным-сенімнен туындап, әруаққа табыну ретінде жасалып жатса, шариғатта құпталмайды. Өйткені, төл дінімізде Аллаға ғана табыну және құлшылықта оған ешкімді серік етпеу – іргелі негіздердің бірі, бірегейі.  

Алайда, аталмыш әрекет мархұм болып кеткен ата-бабасының рухына ізет көрсету мақсатында жасалып, табалдырығын жаңа аттаған қара шаңырақтың өзін ғана емес, өткендеріне де құрметпен қарайтындығының нышаны ретінде орындалып жатса, діни тұрғыда ол әрекеттің ағаттығы жоқ. Өйткені, өлген адамға ардақты Пайғамбарымыздың өзі орнынан тұрып, құрмет көрсеткен:

Риуаяттарға қарағанда, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) сахабалармен бірге отырғанда жандарынан діні бөтен (яһуди дініндегі) адамның өлі денесін жерлеуге алып өтіп бара жатады. Сонда Пайғамбарымыз оны көрісімен орнынан тұрады. Мұны көрген қасындағы сахабалардың бірі: «Ол яһуди дініндегінің мәйіті ғой», - дейді. Пайғамбарымыз оған: «Ол да адам емес пе?!», - деп жауап береді. (Осы хадистің басқа бір нұсқасында Алла елшісі: «Мәйіт көрсеңдер, орындарыңнан тұрыңдар» деген)[1].  

Ендеше, келіннің сәлем салуының астарындағы негізгі мақсат ізет көрсету десек, беташардағы ата-баба рухына сәлем салуын да сол ізеттілікке балауға болады. Ол "ширк" келтіргендік емес. 

Оның үстіне, Исламда мархұм болып кеткендерге «әссәләмуғалейкум» деп сәлем беру бар. Бұған қатысты сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай дейді:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мединедегі қабірстанның жанына өтіп бара жатып, жүзін оларға бұрды да (немесе оларға беттеді де): «Әссәләмуғалейкум, ей қабір иелері! Алла бізді де, сендерді де жарылқасын. Сендер бізден бұрын кеттіңдер. Арттарыңнан біз де барармыз», - деді»[2].   

Басқа бір риуаятта Айша анамыз: 

«(Қабірдегілерге) Не дейін?», – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: «(Қабірге барғанда) былай де: «Мүмин-мұсылман қабір иелеріне Алланың жарылқауы болсын (әссәләмуғалейкум!) Алла Тағала біздің өлілерімізге де, тірілерімізге де рақым етсін. Алла қалаған күні біз де сендердің қатарларыңа қосыламыз», – деп жауап берді[3].

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Сахих Бухари: Китабуль Жәнаиз - №1249, 1250 хадистер.
[2] Имам Тирмизи: Сүнән - №595 хадис.
[3] Муслим, Китабуль Жанаиз, (974) – 103 хадис

Абдусамат Қасым