Бата жасағанда «періштелер қорғасын» деп айту ширк па?
Бата жасағанда «періштелер қорғасын» деп айту ширк па?
8 жыл бұрын 8248

Ассалаумағалейкүм! Көкейде жүрген бір сауалым бар еді. Қазақ бата бергенде: Әуелі құдай қолдасын, Періштелер қорғасын. Бақ қарасын, қызыр дарысын, Еш жамандық болмасын. -дейді. Осындағы "періштелер қорғасын"  дегені Аллаға серік қосу болып табыла ма? Мүмкіндік болса таратып жауап берсеңіздер. Жауаптарыңызды асыға күтем.

Құрметпен Нағыз Қапшықбайұлы. Астана.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Бата жасағанда «періштелер қорғасын» деп айтудың ағаттығы жоқ. Ол ширк емес (Аллаға серік қосқандық емес). Шын мәнісінде адамды қорғап, қорғаштау үшін міндеттелген арнайы періштелер бар. Олар Алланың қалауымен адамға келер әлдебір кесапаттарды бейтарап етіп отырады. Құран Кәрімде бұл жайында былай делінген:

«Оның алды-артында, Алланың әмірі бойынша бақылап, бірінен соң бірі (кезектесіп) қорғап жүретін (періштелер) бар...»[1].

Аталмыш Құран аятын түсіндіре келе атақты тәпсірші Ибн Кәсир былай деп өтеді: «Пендені түнде әрі күндіз кезекпен-кезек қорғап отыратын періштелер болады. Олар оны түрлі бәледен, түрлі кесапаттан қорғаштап жүреді...»[2].  

Әйтсе де, әлгіндей сөзді «Алла қаласа қорғайды» деген сеніммен айтқаны дұрыс. Өйткені, «жазмыштан озмыш жоқ» демекші Алладан әмір келсе, оған ешкім арашашы бола алмасы анық.

Алла баршамызды өз панасына алғай!


[1] Рағд сүресі, 11 аят.
[2] Ибн Кәсир: Тәфсируль Құраниль Азим. Рағд сүресі тәпсірі. 

Абдусамат Қасым