Басқа дін өкілінің дұғасын Алла Тағала қабыл етуі мүмкін бе?
Басқа дін өкілінің дұғасын Алла Тағала қабыл етуі мүмкін бе?
4 ай бұрын 1817

Басқа дін өкілінің дұғасын Алла Тағала қабыл етуі мүмкін бе?

Алла Тағала басқа дін өкілінің тілегін қабыл етіп, оған сұрағанын беруі мүмкін. Алла Тағала «рахим», яғни, барлық жер бетіндегі пенделеріне мейірімін төгуші. Сондықтан да, Құдай Тағалаға тікелей жалбарынып, одан жәрдем тілесе немесе қажетті нәрсесін сұраса, Алла тілегенін беруі мүмкін. Мүмін-мұсылманның да дұға-тілегін қабыл етеді. Бірақ екеуінің айырмашылығы - мұсылманның дұғасы «құлшылық» болып есептеледі, яғни, онысына сауап та жазылады, әрі жасаған әрбір дұғасы үшін о дүниеде сыйлығын алады. Ал діні бөтен пенденің Құдайдан тілеген тілегі жай «тілек» болып, о дүниеде онысы үшін сауап алмайды, яғни, құлшылық болып есептелмейді. Аятта: «Кәпірлердің дұғасы тек адасуда» делінген.1

"Кәпірдің дұғасы қабыл болады" дегенге қатысты дін мамандары Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мына хадисін келтіреді:

«Әнәс ибн Мәліктен жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Зұлымдыққа (әділетсіздікке) ұшырағанның дұғасынан сақтан, тіпті кәпір болса да! Шынында оның дұғасы (әділетсіздікке ұшыраған адамның дұғасы) мен Ұлы Алланың арасында перде болмайды» деді»2.

Аталмыш хадисте кәпір де болса қиянат көрген пенденің дұға-тілегі және қарғысы қабыл болатындығын ашық білдіріп отыр.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  Құран Кәрім: «Раъд» сүресі, 14 аят.
2  فعن أَنَس رضي الله عنه أن رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قال: إِيَّاكَ وَدَعْوَةَ الْمَظْلُومِ، وَإِنْ كَانَتْ مِنْ كَافِرٍ، فَإِنَّهُ لَيْسَ لَهَا حِجَابٌ دُونَ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ.، (Имам Ахмед: «Мүснәд». Сахих Хадис).

Абдусамат Қасым