Әзіреті Омардың Исламнан бұрын қызын тірідей көмгені рас па?
Әзіреті Омардың Исламнан бұрын қызын тірідей көмгені рас па?
2 жыл бұрын 4338

Ассаләмуғалейкум! Сұрайын дегенім, Әзіреті Омардың бұрын өз қызын тірідей көмгені жайында ел арасында әңгіме бар. Сондай әңгіменің негізі бар ма? Мұрат.

Уағалейкумуссәләм!

Құрметті сауал жолдаушы, сіз айтып отырғандай Әзіреті Омарға байланысты адамдар арасында тараған оқиғаның желісі мынадай:

«Әзіреті Омар жолдастарымен отырған кезде, күліп, біраздан кейін жылайды. Қасындағылар не болғанын сұрағанда ол: «Жәһилият дәуірде құрмадан пұт істеп, соған табынатынбыз да, кейін қарнымыз ашқанда оны жеп қоятынбыз, соған күлдім. Ал жылауымның себебі болса, жәһилият кезімізде менің бір қызым болды, оны тірідей көму үшін жерді қазғанымда қызым менің сақалыма түскен топырақты қаққан еді, мен болса оны тірідей көмдім, сол ісіме жыладым» деген-мыс.

Бұндай оқиғаның растығына дін мамандары күмәнмен қарайды. Себебі, ешбір сенімді тарих кітабында және ешқандай сенімді хадис жинақтарында бұған негіз болар дерек кездеспеген. Бұл кейбір қиссашылардың ойдан шығарып жазған әңгімесі болса керек. Өйткені Әзіреті Омардың "Хафса" есімді үлкен қызы болған. Ол (р.а.) Ислам діні келуден бес жыл бұрын дүниеге келген. Егер Әзіреті Омар қызын көметін болғанда ол қызын да тірі қалдырмас еді. Тіпті Хафса анамыздың (радияллаһу анһа) оқу-жазу білетін сауатты кісі болғанын назарға алсақ, қайта Әзіреті Омардың қызына көбірек мән бергенін түсінуге болады.

Қыздарын тірідей көму әдеті арабтарда болмаған ба?

Қыз баласын тірідей көму әдеті Исламнан бұрынғы араб қоғамында болғаны рас, бірақ жаппай араб халқына тән әдет емес тұғын, кейбір тайпаның адамдары белгілі бір себептерге сүйеніп, осындай қатігездікке баратын. Олардың ол қылмысы Құранда қатаң сынға алынған1.

Мәселен, Исламнан бұрынғы бәдәуи (көшпенді шөл) арабтарының мырзасы саналған Қайс ибн Асым есімді кісі өзінің сегіз қызын тірідей көмгендігі хадистерде айтылады. Бірақ кейін Ислам дінін қабылдап, ол қатыгездігіне өкінген ол «істеген ісі үшін өтемі бар ма», дегенде Алла елшісі (с.а.у.) әр өлтірген қызы үшін бір күң азат етуін айтады. Бірақ ол «түйелерім бар» дегеннен соң Алла елшісі оған өлтірген әрбір қызы үшін бір ұрғашы түйе садақа беруін айтады2. Міне осындай оқиғалар сирек болса да Исламнан алдыңғы араб қоғамында кездесіп тұратын.

Бірақ «арабтың бәрі жаппай қыздарын көмген» деуге болмайды, егер бәрі жаппай қыздарын көметін болғанда арабтарда әйел заты қалмаған болар еді. Тіпті ол кезде де ондай қатыгездікке қарсы тұрған тұлғалар кездесіп жататын. Мысалы, беріректе өмір кешкен атақты араб шайыры Фараздақтың3 былай деп мақтанып жазған өлең жолдары деректерде жеткен:

«Менің атам қыздарды тірідей көмуді тыйятын,
Қаншама тірідей көмілер қыздарға өмір сыйлап, аман алып қалды ол!...»
- деп жырлайды.

Фараздақтың мақтанып айтқан атасы Саъсаъ ибн Нәжия4 есімді кісі араб мырзаларынан бірі болған, ол өмірінде жетпіс сәби қызды тірідей көмейін деп жатқан жерінен әкелерінен сатып алып, аман алып қалған екен. Кейін Ислам діні келгеннен соң дінді мойындап, сахаба болу мәртебесін иемденген5. Міне сол заманда да араб қоғамында саналы әрі қайырымды жандар көп болған.

Әйтсе де, өкінішке орай ондай әдет орын алып тұратын және көбіне шөл арабтарына тән әдет болған. Кейін Ислам діні келіп, ондай істің тұрпайылығын айтып, мүлдем тоқтатты. Қайта дініміз қыз баласын дәріптеп: «үш қыз тәрбиелеп өсірген әке пейішке кіреді!» деп сүйіншіледі.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  «Тәкуир» сүресі, 8 аят.
2   Имам Табарани, «әл-Муъжәмуль Кәбир»; әл-Бәззәз. Сахих хадис.
3  Әл-Фараздақ ибн Ғолиб ибн Саъсаъ әт-Тәмими, Хижри 20 жылы өмір сүрген араб шайыры, араб мырзаларының бірі.
4  Құртұби тәпсірі, «Кууирот» сүресі, 8 аят тәпсірі.
5  Құртұби тәпсірі, «Кууирот» сүресі, 8 аят тәпсірі.

Абдусамат Қасым