"Армандар картасы" деген не? Шариғатқа қайшылығы бар ма?
"Армандар картасы" деген не? Шариғатқа қайшылығы бар ма?
4 жыл бұрын 17628

Қазіргі таңда психологтар арасында армандар картасын, яғни, өзіне керекті нәрсені қағазға түсіріп, соны армандап жүріп іске асыру белен алған. Қаншалықты дінімізге сай? Армандар картасын жасау шариғатқа сай ма? Ислам діні бұл турасында не дейді?  Алия.

Бисмилләһир рахманир рахим

«Армандар картасы» - кісінің іштегі армандарын, бейнебір орындалғандай осы шақта әрі болымды түрде қағаз бетіне түсіріп, оның жақын болашақта жүзеге асырылатындығына сенуі (немесе қиялдауы) деген сөз.

«Армандар картасы» бір қарағанда, тілеп жүрген арманына қол жеткізгенін елестету принципіне негізделетін сияқты көрінеді (визуализация). Бірақ түбін қазбалай түссек, «армандар картасының» Даоизм діни-философиялық бағытындағы «феншуй» дүниетанымымен тығыз байланысты екендігі байқалады. Яғни, оның феншуй түсінігінің іргесі болып табылатын «ба-гуа», яғни, қасиетті сегіз бұрыш негізінде орындалатындығын көруге болады. Бұл (яғни, ба-гуа) өз кезегінде бүкіл жақсылықтың түбірі саналатын «Ци» энергиясының сегіз түрі. (Осыған орай, армандар картасын «Феншуй картасы» деп те атайтындар бар).

Былайша айтқанда, феншуйді - «Ци» күшінің оңды ағысын анықтап, оны адамның игілігіне қолдану тәсілі деп түсінер болсақ, аңсаған армандарын феншуй негізінде түзеген жағдайда мүлтіксіз орындалады деген нанымнан туындаған деуге болады.

Демек, армандар картасы түсінігі Феншуй дүниетанымының негізі саналатын қасиетті сегіз бұрыш («Ба-гуа») қағидасына сүйенеді екен. Бұл сегіз бұрыштың тоғыз бөлімі бар. Әр бөлім белгілі бір жақсылық түріне арналады. Мысалы, ақшаны армандаған адам оны сол жақ жоғарғы бұрыштағы бөлімге жазуы керек т.б.

Шариғи тұрғыда

Армандау – адам баласын өзге жан-жануарлардан ерекшелендіріп тұрған сипаттардың бірі. Ол (яғни, армандау сипаты) – адамда адамның ақылы жетіле бастаған шақтан бастап бой көрсетеді. Мысалы, адам сәби кезінде тәттіні немесе бір ойыншықты армандаса, өсе келе армандары да маңыздана түседі. Осы тұрғыдан алғанда, мақсат – адамды алға қарай қадам басуға жетелер фактор десек, арман сол мақсаттың алғы шарты деуге болады. Адам алдымен армандайды. Артынан мақсат қояды.

Ендігі жерде, жақсы ойда болу және армандаған дүниелерді жоспарлап қағаз бетіне жазып қою, тіпті ұмыт қалмасын деген мақсатта қабырғаға іліп, кейін соған жетемін деп алдына мақсат қоюдың шариғи тұрғыда еш зияны жоқ. Бастысы - әр нәрсе Алланың қалауымен болатындығына сенген болуы керек. «Алла жеткізеді» деген сеніммен, Аллаға тәуекел ете отырып, мақсатқа ұмтылу жақсы нәрсе. Жақсы ойлау, болашаққа үмітпен қарау, Алладан жақсылық күту, бұлар - дінімізде рұқсат нәрселер.  

Бірақ, армандар картасының астарында жақсылықты сол картадан күту түсінігі бар. Мысалы, армандар картасы бойынша, кісі төрт бұрышты (не үш бұрышты) қағаз бөлшектеріне армандарын жазбаса, армандарының орындалуы екіталай, сондықтан да, орындалудың басты шарты қағазға жазу. Ал, мұсылманшылықта жақсылықты тек Алладан күтеміз. Шариғат түсінігінде, адамның арманы орындалуы үшін қағазға жазу шарт емес. Аллаға қол қусырып, шын жүректен тілесе болғаны. Онда да, тілеген тілегінің орындалуы не орындалмауы Ұлы Алланың қалауында. Бұл – бір.

Екіншіден – мұнда, армандар картасына жазылған армандар міндетті түрде орындалады деген сенім бар. Бұл да Ислам дініне келіңкіремейді. Ислам дінінде «қағазға жазса болды, міндетті түрде қабыл болып, орындалып кетеді» деген сенім жоқ. Алла жазса, орындалады.

Үшіншіден – бұндай тәсілдің түбінде даосизм діни-философиясының дүниетанымы мен феншуй сенім-негіздері жатыр. Мысалы, осы тақырыпта жазылған жазбалардың бірінде: "армандар картасын дұрыс жасаудың ең тиімды жолы - армандарды сегіз бұрыш (ба-гуа) негізіне сай дұрыс орналастыру шарт, ал егер, мәселен, «ақша арманы» жазылатын жерге басқа арман жазылса, арты жақсылыққа әкелмеуі мүмкін" делінген.

Сондай-ақ, «армандар картасын» жасауды насихаттаған басқа бір мақалада: "мысалы, осы жылы жазылған армандар, тек қытай жаңа жылына дейін жарамды, одан соң жарамсыз болып қалады" дегенді айтады. Осы сияқты, астарында біршама бөтен сенім-нанымдардың ұшқынын байқауға болады.

Ислам дінінде - өзге діндердің сенім-негіздері мен мінәжат, дұға және құлшылық тәсілдерін алу харам саналады, тіпті кейбір мәселелерде ол нәрсе «мүртәдтік» (діннен шығу) үкімін де тудыруы мүмкін. Сондықтан да, мұсылманшылықта «феншуй» сенім-негіздеріне негізделген әлдебір мінәжәт түрі қабыл етілмейді. Армандарын бір қағазға жазып, артынан оларды әлдебір тылсым күш (мысалы «Ци» күші) жүзеге асырсын деп сену де мінәжаттың бір түрі. Ал мінәжәтты әрбір мұсылман өзінің төл діні, Ислам дініне сай орындауы шарт.

Қорытынды:

Қорыта айтқанда, мұсылманның армандар картасы, ол – намаз. Жаратушы Иеміз Алла Тағала Құран Кәрімде ашық-анық былай деген: «Ей мүміндер! Сабыр мен намаз арқылы Алладан жәрдем тілеңдер. Шынында Алла сабырлылармен бірге!»[1].

Яғни, мұсылман адам армандаған нәрсесіне қол жеткізу үшін, оларды қағаз бетіне жазбайды. Мұсылман адам, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйреткеніне сай, әрі Оның (с.а.у.) білдірген дұға қабыл болар сәттерде құбылаға жөнеліп, алақан жаяды да Ұлы Жаратушыға өзінің арман-тілектерін айтып, жалбарынады. Тілеген тілектері орындалып жатса, шүкір етеді. Ал, тілектері орындалмаса, оны жақсылыққа жориды. Армандарының орындалуы үшін қағазға жазу шарт емес. Олай істеу соқыр сенімділікті тудырады.

Тоқ етері, әркім өзінің арман-тілектері мен алға қойған мақсат-мұраттарын ұмытпайын, ерік-жігерімді алдыға қойған мақсатқа жетудің айналасына шоғырландырайын деген оймен, жоспар ретінде оларды қағазға тізіп жазып қойып жатса, оның ағаттығы болмас.

Алайда, ол арманның орындалуын қағаздан күтсе немесе орындалу үшін міндетті түрде қағазға жазылу керек деп нанса, яки, феншуй сеніміндегі белгілі тәсілдерге сай жазылғанда ғана арманының орындалатындығына сенсе, не болмаса, қағазға жазған кезде ғана Құдай тілегімді орындайды деп ойласа, онысы - шариғатқа қайшы болмақ. Мұндай түсініктерге негізделген армандар картасы дінге теріс. Сондықтан да, қазіргі таңда қоғамда етек алып кеткен "армандар картасы" деген амалды жасауға болмайды. 

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 153 аят.

Абдусамат Қасым