|
Араб ұлтына қанша пайғамбар келген?
|
Алла Тағала адам баласын жаратқаннан кейін, оларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін көрсетер пайғамбарлар жолдап отырды. Яғни, тек белгілі бір ұлтқа ғана емес, бүкіл ұлтқа, қауымға оларды арсыздықтан тыйып, хақ жолға жетелер пайғамбарлар жіберіп отырған. Бұған байланысты қасиетті Құран аятының бірінде: «Біз әрбір халыққа «Аллаға құлшылық қылып, тағуттан (пұттан) ұзақ тұрыңдар» дейтін елші жіберіп отырдық» делінеді. («Нәхл» сүресі, 36 аят). «Ескертушісі (пайғамбар) болмаған ешбір үммет жоқ». («Фатыр» сүресі, 24).
Адамзат тарихында 124 мың пайғамбардың келгендігі айтылады. Имам Ахметтің келтірген хадисте Әбу Зар (радияллаһу анһу): «Уа, Алланың елшісі! Пайғамбарлардың жалпы саны қанша?» — деп сұрайды. Сонда Аллла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жүз жиырма төрт мың. Оның ішінде үш жүз он бесі – елшілер, (бұлар — хақ жолындағы) үлкен бір топ», — деп жауап берген.
Бірақ сол көп пайғамбардың бізге нақты белгілі болғандары - жиырма бес. Оның төртеуі араб ұлтынан шыққан. Атап айтсақ:
1. Һұд пайғамбар: Ад қауымына жіберілген. Құранда ол туралы былай делінген:
«Ад қауымы да елшілерді жасынға шығарды. Сонда оларға бауырлары Һұд: «Қорықпайсыңдар ма? Мен сендерге сенімді бір елшімін. Енді Алладан қорқыңдар да маған бой ұсыныңдар! Мен сендерден бұл үшін ақы сұрамаймын, менің еңбегім әлемдердің Раббысына ғана тән», — деді». (Шұғара сүресі, 123-127 аяттар)
2. Салих пайғамбар: Сәмүд қауымына жіберілген. Құранда былай делінеді:
«Сәмүд қауымы да елшілерді жасынға шығарды. Сонда оларға бауырлары Салих: «Қорықпайсыңдар ма?» — деді». («Шуғара» сүресі, 141-142 аяттар)
3. Исмаил пайғамбар: Пағамбарлығы Мекке өткен. Құранда былай делінеді:
«Исмаилды, Ыдырысты және Зулкифлді де (есіңе ал). Олардың барлығы да сабырлылардан еді». (Әнбия сүресі, 85-аят) Және: «Кітаптағы Исмаилды есіңе ал. Ол уәдесіне берік, елші әрі пайғамбар еді». («Мәриям» сүресі, 54-аят)
4. Шұғайып пайғамбар: Мәдиян халқына жіберілген. Құранда былай делінеді
«Мәдияндықтарға бауырлары Шұғайыпты жібердік. Ол: «Әй, халқым! Аллаға құлшылық қылыңдар, сендер үшін Одан басқа тәңір жоқ. Расында сендерге Раббыларыңнан бір мұғжиза келді. Енді өлшеуді, (таразға) тартуды толық (кемітпей) орындаңдар, адамдардың нәрселерін кемітпеңдер. Жер жүзі түзелгеннен кейін оны бұзбаңдар. Егер сенсеңдер, сендер үшін осы қайырлы», — деді». («Ағраф» сүресі, 85-аят).
Мұхаммед пайғамбар (ﷺ): Ислам пайғамбары және пайғамбарлардың мөрі (соңғысы). Қиямет қайымға шейінгі бүкіл адамзатқа және жындарға пайғамбар ретінде жіберілген пайғамбарлардың ұлысы. Қасиетті Құранда Оның есімі төрт рет тілге алынады.:
«Мұхаммед сендерден ешбір еркектің әкесі емес, бірақ Ол – Алланың елшісі әрі пайғамбарлардың соңғысы. Алла әр нәрсені толық білуші». («Ахзаб» сүресі, 40-аят).
islam.kz