Әлсіз хадисті таратса бола ма?
Әлсіз хадисті таратса бола ма?
2 күн бұрын 498

Әссәләму алейкум! Сұрасам деген едім. Әлсіз хадистерді жазып, әлеуметтік желіге таратса бола ма? Арман.

Әлхамдулилләһ, уассаләту уәссәләму аля расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Әлсіз хадистерді» риуаят етуге болады, бірақ кей ғалымдар оның әлсіз екендігін ескерте кетуді абзал санаған. Мысалы, хадисші, фақиһ Имам Нәуәуи (рахимаһуллаһ) әлсіз хадисті риуаят етуге қатысты былай деген: «Әлсіз хадисті риуаят ету, біреуге жазу - халал іс, бірақ жұрт оны сахих деп қалмас үшін әлсіз екендігін ашық айтуы керек»1 дейді. (Дәйексөздің арабша нұсқасында «алданып қалмас үшін...» делінген, біз оны «жұрт сахих деп қалмас үшін» деп аударып отырмыз). 

Алайда, ғалым басқа бір сөзінде сауапты «мұстахаб» істерде (фазаилуль аъмәл) әлсіз хадисті келтірген кезде оны «әлсіз» деп ескерте кетудің шарт еместігін айтады. Ол (р.а.) былай дейді:

«Хадис мамандары бойынша және олардан өзгелердің ұстанымы бойынша иснәдсіз хадис айтуға болады (иснәд - хадис жеткізуші риуаятшылардың есімдерінің тізімі орын алған бөлім). Әрідесе, жалған хадис болып саналмайтын әлсіз хадистерді «әлсіз» екендігін айтпай риуаят етуге және онымен амал етуге болады6 (қандай тақырыптарда?) Алланың сипаттарынан өзге және халал мен харам тақырыптарынан өзге мәселелерде. Мысалы, қиссаларда, фазаиль аъмалда (сауапты, ізгі істер), уағыздарда т.б. сол сияқты ақидаға қатысы жоқ және шариғи үкімдерге қатысы жоқ тақырыптарда»2.

Сондай-ақ, әлсіз хадисті риуаят еткен кезде «Алла елшісі былай деген...» деп Оған (с.а.у.) хадисті ашық түрде телімеген дұрыс. Оның орнына «бір әлсіз риуаятқа қарағанда...» немесе «Алла елшісінен риуаят етіледі», яки, «риуаят етілгенге қарағанда», «мынадай риуаят бар» деген сияқты сөздерді қолданғаны дұрыс. Бұған қатысты Имам Нәуәуи басқа бір еңбегінде былай дейді:

«Әлсіз риуаятты иснәдсіз келтіргің келсе «Алла елшісі былай деді...» деп айтпа және т.б. оған ұқсас нақтылықты білдірер сөздерді қолданба. Оның орнына: «осылай риуаят етіледі», «бізге жеткені бойынша...», «риуаят етілгенге қарағанда», «риуаят бойынша...» т.б. сөздерді қолдан»3.

Қорытынды:

Демек, әлсіз хадистерді жазып тарқатуға болады, әлсіз хадистер - жалған хадис емес, тек мына талаптар ескерілу керек:

  1. Ақидаға байланысты тақырыптарда әлсіз хадис келтірілмеу керек.
  2. Шариғи үкім бекітуде қолданылмау керек.
  3. «Алла елшісі былай деген...» деген сияқты Алла елшісіне телитін сөздер қолданылмау керек.
  4. Және мүмкіндігінше хадистің әлсіз хадис екендігін ескерте кету керек.

Осы талаптар ескерілген жағдайда, мұстахаб істерге ынталандыру үшін т.б. сол сияқты уағыз тақырыптарында әлсіз хадистерді жазып таратса болады.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!  

Абдусамат Қасым


1  «Фәтәуә ән-Нәуәуия».
2  Имам Нәуәуи: «әт-Тәқриб уәт тәйсир». 23 түр.
3  Имам Нәуәуи: «әт-Тәқриб уәт тәйсир». 23 түр.