«Әлмисақтан мұсылманбыз» дегенді қалай түсінуге болады?
«Әлмисақтан мұсылманбыз» дегенді қалай түсінуге болады?
11 ай бұрын 5205

Ассалямуалейкум! Әл-Мисақтан мұсылманбыз деп жатады ғой. Сол қай уақыт? Адам жаратылғалы бері ме? 

Әлхәмдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

«Әл-Мисәқ» деген қазақша «берік уәде», «келісімшарт» деген мағыналарға саяды. Мұсылман сенімінде әл-Мисақ деп, Құдай Тағаланың о баста қияметке дейін дүниеге келетін бүкіл адам баласынан жаратылмай тұрып Раббылары Алла екендіктеріне орай берік уәде алуын айтады. Ол жайында Құран Кәрімде былай деп ашық айтылған: 

وَإِذْ أَخَذَ رَبُّكَ مِنْ بَنِي آدَمَ مِنْ ظُهُورِهِمْ ذُرِّيَّتَهُمْ وَأَشْهَدَهُمْ عَلَى أَنْفُسِهِمْ أَلَسْتُ بِرَبِّكُمْ قَالُوا بَلَى شَهِدْنَا أَنْ تَقُولُوا يَوْمَ الْقِيَامَةِ إِنَّا كُنَّا عَنْ هَذَا غَافِلِينَ

أَوْ تَقُولُوا إِنَّمَا أَشْرَكَ آبَاؤُنَا مِن قَبْلُ وَكُنَّا ذُرِّيَّةً مِّن بَعْدِهِمْ أَفَتُهْلِكُنَا بِمَا فَعَلَ الْمُبْطِلُونَ

«Раббыңның адам баласының белінен нәсілдерін шығарып, оларды өз-өздеріне куәландырған сәтті еске ал. Алла оларға: Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?! деді. Сонда олар: «Иә. Біз сол нәрсеге куәлік еттік!» деді. Бұл сендердің қиямет күні: «біз бұл нәрсені білмеген едік» демеулерің үшін». 

«Немесе «біздің әкелеріміз бұрын серік қосушылардан еді, біз болсақ олардан кейінгі ұрпақпыз, олай болса, теріс жалғаншылардың істегені себепті бізді құртпақпысың!?» демеулерің үшін». («Ағраф» сүресі, 172-173 аяттар).

Демек, жарық дүниеге келместен бұрын бүкіл адам ұрпағы жеке-жеке Алланың алдында Оның бір екендігіне куәлік етіп, Одан өзгені Құдай деп танымайтындықтарына уәде берген. Бұл уәдені «әл-мисақ» дейді. Осыдан келіп «әлмисақтан бері мұсылманмын» деген сөз шыққан. Оның мағынасы: Алла Тағала бүкіл адамзат ұрпағынан уәде алғаннан бері мүмін-мұсылманмын дегендік. 

Алайда, бұл құбылыстың қалай орын алғаны жайында нақты мәлімет жоқ. Мұсылманның міндеті - бұған сену. Өйткені бұл жайында қасиетті Құранда Алла Тағаланың өзі ашық-айқын білдіріп тұр, сондықтан да, сенбеуге болмайды. Ал оның қалай жүзеге асқаны жайында әртүрлі риуаят келген. Соның бірін келтіре кетелік. 

Сахаба Абдулла ибн Аббастан жеткен сахих бір хадисте Алла елшісі (.с.а.у) былай деп айтады:

إنَّ اللهَ أخذَ الميثاقَ مِن ظهرِ آدمَ بِ ( نعمانَ ) يومَ عرفةَ ، و أخرجَ من صُلبِه كلَّ ذريةٍ ذراها فنثرَهمْ بينَ يديهِ كالذَّرِّ ، ثمَّ كلَّمَهُم قَبَلًا قال : أَلَسْتُ بِرَبِّكُمْ قَالُوا بَلَى

«Алла Тағала Адам ғалейһиссәләмның арқасынан (яғни, ұрпағынан) мисақты (уәдені) «Наъман» сайында, Арапа күні алды. (Сол күні) Құдай Тағала Адамның бел омыртқасынан бүкіл ұрпағын шығарып, оларды алдына шымалдар тәрізді шашыратып қойды. Кейін оларға тікелей тіл қатып: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» деді. олар: «Иә, дәл солай» деп жауап берді»1

Қорыта айтқанда, әлмисақ жайында баяндалған қасиетті аяттар да, ол жайында баян еткен хадистер де "мүтәшәбиһат" түріне жататындықтан, қалай орын алғандығы жөніне қатты тереңдеместен, хақтығына сеніп, қалай жүзеге асқандығы жөніндегі мәліметті Аллаға қалдырамыз2

Осы тұрғыда Имам Тахауи келтірген "ақида" ережесін де келтіре кетелік. Имам Тахауи өзінің "ақида" кітабында былай деген:

وَالْمِيثَاقُ الَّذِي أَخَذَهُ اللَّهُ تَعَالَى مِنْ آدَمَ وَذُرِّيَّتِهِ حَقٌّ

 

"Алла Тағаланың Адамнан (оған Алланың салауаттары болсын) және оның ұрпағынан алған уәдесі - хақ!».


1Имам Ахмед: «Мүснәд», 2455; Нәсәи: «әс-Сүнәнуль Кубро», 11191; әл-Хәким: «әл-Мүстәдрак».
2Имам Бәберти: "Тахауи ақидасының шархы". Араб тілінде.  

 

Абдусамат Қасым