«Алланың қолы», «Алланың жүзі» дегенді қалай түсінуге болады? Сәләфилер қай жерінде қателеседі?
«Алланың қолы», «Алланың жүзі» дегенді қалай түсінуге болады? Сәләфилер қай жерінде қателеседі?
8 жыл бұрын 11401

Әссәләмуғалейкум! Аллаһ Тағаланың сипаттары - ол Көруші, Естуші, бар затты толық Білуші.  Аллаһтың Көруі, Естуі, Білімі өзіне тән, Ол жаратылысқа ұқсамайды. Және осы сипаттар адамдарда да бар, бірақ ол мақұлыққа тән. Ендігі мәселе, Аллаһ Тағаланың өзіне тән осындай сипаттары болса, неге басқа сипаттарын да (жүз, қол сияқты) өзіне тән сипаты бар деп түсінбеске дейді кейбір бауырлар? Осыған жауап берсеніз. Аллаһ разы болсын! Марат. 

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құран Кәрім және хадис шәрифтердегі Аллаға қатысты айтылған қолы, жүзі, заты деген сияқты сөздер - Алланың сипаттары болып табылады. Бірақ, олардың «кәйфиеті» яғни, «сипаттамасы» бізге белгісіз. Оған ақылымыз жетпейді. Осы тұрғыдан алғанда бұлар «мүтәшәбиһ» болып табылады, яғни, оны адамның ұғынуы мүмкін емес, тек ақиқат екендігіне сеніп, иман ету ғана міндет. 

Мұндай сипаттарға ертеректегі ханафи ғұламалары: «Маълүмүн би-Аслиһи, Мүтәшәбиһун би-Уасфиһи», - деген. Оның мағынасы: «Асылында бар екендігі - мәлім. Бірақ оның сипаттамасы - беймәлім». Яғни, Алла Тағаланың «қол», «жүз» деген сипаттары бар. Біз «Мұғтазилә» ағымы секілді «қолы жоқ, жүзі жоқ» демейміз. Бұлай десек, Алланың сипаттарын жоққа шығарған боламыз. Сондай-ақ, «Мүжәссима» ағымы секілді де ондай сипаттарға кескін-кейіп (бейне) беріп, оларды ағза ретінде түсінбейміз. Біз оны Алланың сипаттары деп сеніп, астарындағы мән-мағынасына үңілместен иман етеміз. 

Әйтсе де, тарихта көптеген теріс ағымдар бой көрсетіп, мүтәшәбиһ аяттарды өздерінің теріс пікірлеріне арқау ете бастағаннан соң, кейінгі буын ғұламалары «Алланың қолы», «Алланың жүзі», «Аршқа истиуа етті» деген сияқты «мүтәшабиһ» яғни, астары нақты білінбейтін аяттарды қарапайым халыққа түсінікті етіп, Жаратушы Иеміздің ұлықтығына сәйкес, араб тілінің ерекшеліктеріне сай жорамалдап мағына берген[1].  

Имам Мәтуриди былай дейді:

«...«Алланың көрінуі» т.б. соған ұқсас мәселелерге қатысты Құранда келген аяттарды түсінетін кезде, «тәшбих» жасамау (жаратылыстарға ұқсатпау) ләзім. Және оның мағынасы мынадай деп кесіп айтпастан, ондағы Алла тағала нені мақсат еткен болса, соған иман ету шарт»[2].

 Сәләфилер қай жерінде қателеседі?

Кездестірген мәліметтерге қарағанда, сәләфиттердің қателесетін тұсы - аталмыш сөздерді (қолы, көзі, жүзі т.б.) Алланың сипаты дегенімен, ол сөздерді тілдік мағынада алып, сол тілдік мағынасын шынайы мағына ретінде қабыл етеді. Ондай сөздерге беткі мағынасынан(заһир) және тілдік мағынасынан өзге мағына беруді қате деп есептейді. Мысалы, олар: «Алланың қолы бар. Ол - Аллаға лайықты шынайы қол» деген. Ибн Усейминнің мынадай сөзі бар:

«(Хадисте айтылған) саусақ – Аллаға лайықты, тікелей мағынадағы саусақ»[1].  

Алайда, ертеректегі әһли сунна ғұламалары аяттағы «Алланың қолы», «Алланың жүзі» деген сөздерді тілдік мағынада қабыл ету керек демеген. Өйткені, оларды тілдік мағынада алар болсақ, «Алланың өзіне лайықты ағзасы» бар деген түсінікке алып келуі мүмкін. Бұл дұрыс емес. Сондай-ақ, ғұламалар мүтәшабиһ аяттарды беткі мағынасында да қабыл ету керек дегенді құп көрмеген. Керісінше ғалымдарымыз аят пен хадистерде кездесетін аталмыш сөздерге қатысты: "Наътақиду әннә Заһируһа ғайру мурад", - деп айтқан. Яғни: "біздің сенімімізше ондай сөздің негізгі түсінігі - заһири (беткі) мағынада емес".

Бұған байланысты Имам Нәуәуи (р.а.) былай дейді:

"Пайғамбарымыздың бір хадисінде келетін ...Рахманның оң жағынан..." деген сөз - Алланың сипатын білдіреді... (Бұл сөзге қатысты) ғалымдар әртүрлі пікірде. Бір топ ғұламалардың ұстанымы бойынша, оған сенеміз, тәуилдеп (жорамалдап) мағына бермейміз. Біз оның мағынасын білмейміз. Бірақ, біздің сенімімізше ол сөздің негізгі түсінігі - заһири (беткі) мағынада емес. Оның өзіндік Аллаға лайықты мағынасы бар. Бұл әуәлгі ғұламалардың басым көпшілігінің және біраз кәләмшылардың ұстанымы. Ал, екінші топ ғалымдар оны лайықты түрде тәуилдеп, мағына беруге болады деген...".

Сәләфилердің тағы бір қатесі - Алланың оң және сол қолы бар деулерінде. Сәләфи ағымы жетекшілерінің бірі Ибн Бәз былай деген: «Аллаһу субханаһу тағаланың оң қол және сол қолы бар...»[5].

Бұндай уәж - Алланы жаратылыстарға ұқсатқан «мүжәссима» мен «мүшаббиһа» ағымдарының сенімі.

 Ал, Ханафи ғұламасы Бәдруддин Айни "Алланың қолы" жайында айтылған хадистердің бірін түсіндіре келе былай дейді :

«... Хадистегі «Алла тағала оны оң қолымен қабыл етеді» деген сөйлемдегі «оң қол» сөзі – қабыл етілудің көркем түрін білдіруде... Бірақ, Алла тағаланың сол қолы бар деген ұғымда емес. Өйткені, «сол қол» - кемшілікті әрі әлсіздікті білдіреді... Және хадистегі «қол» сөзі ағзаны білдірмейді. Шынында ол – сипат. Оны сол күйінше қабыл етіп, мағынасына үңілместен тұрақтаймыз. Әрі ешқандай кәйфиет (анықтама) бермейміз...» (Ъумдатуль Қари).[6]   

Ендеше, осындай мәліметтерге қарай отырып Алланың сипаттары төңірегінде де бүгінде өздерін сәләфиміз деп жүргендер мен шынайы сәләф ғұламаларының арасында айтарлықтай айырмашылық бар екендігін байқау қиын емес. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!  


[1] Имам Аляуддин әл-Бухари: Кәшфуль Әсрар - 1/88-95 бет.
[2] Имам Матуриди: Китабут Таухид -Бәянул ъарш уәл қаулу бил мәкән- 136 бет. Байрут-Любнән. Истамбул-Туркия. Зерттеп баспаға дайындаған Проф.Доктор Б.Топалоғлу. Араб тілінде.
[3] Нуриддин ас-Сабуни, әл-Бидая,  26-бет.  
[4] Әл-Қаулуль Муфид ъля Китабит таухид – 3/290 бет.
[5] Әт-Тағълиқатуль Бәзия ъля Китабит Таухид.
[6] Әш-шархуль Кәбир ъля ъақидатит Тахауия – 361 бет. 

Абдусамат Қасым