Алла Тағаланың даусы бар деуге бола ма?
Алла Тағаланың даусы бар деуге бола ма?
4 ай бұрын 2148

Ассалямуалейкум! Алланын даусы бар деп айту және солай ойлау қате ме? Алихан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Дауыс - жаратылған. Алла Тағалаға кейіннен жаратылатын сипаттар тән емес. Алланың кәләм сипаты да, өзге сипаттары да жаратылмаған. Сондықтан, Алланың даусы бар деуге болмайды. Алла Тағаланың сөйлеуі дауыстардан немесе әріптерден тұрмайды. Бұл көпшілік Ислам ғалымдарының, яғни, Мәтуриди және Әшғари ғалымдарының сенімі. 

Бұған байланысты Имам Ғазали «рахимаһуллаһ» былай дейді:

«Алла сүбханаһу тағала өзінің затында бар «кәләм» сипатымен сөйлеуші,(алайда Оның сөйлеуі) әріппен және дыбыспен емес. Қалайша Оның барлығы өзгенің барлығына ұқсамайтын болса, Оның сөйлеуі де өзгенің сөйлеуіне ұқсамайды...»1. 

Имам Ағзам Әбу Ханифа рахимаһуллаһ өзінің «әл-Фиқһуль Әкбәр» атты кітабында былай дейді: 

«Алла Тағала сөйлейді, бірақ біздің сөйлейтініміз секілді емес. Ол естиді, бірақ біздің еститініміз секілді емес. Біз сөйлегенде ағзалармен және әріптермен сөйлейміз. Алла Тағала сөйлегенде ағзасыз және әріптерсіз сөйлейді. Әріптер - жаратылған. Алланың сөйлеуі сипаты - жаратылмаған»2 - дейді Ұлық Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.).

Имам Мәтуриди (рахимаһуллаһ) де бұған қатысты: «Алла Тағаланың әзәлден бері бар сөйлеуші («кәләм») сипаты - жаратылыстардағыдай әріптерден, махраждардан, дауыстан т.б. тұрмайды»3 - дейді. Ал Мұса пайғамбармен қалай сөйлесті? - дегенге қатысты Имам Мәтуриди өзінің ауқымды тәпсір кітабында: «Ол қалай болғанын біз білмейміз. Тек білетініміз - Алла Тағала бұрын болмаған бір дауыс жаратып, оны Мұса пайғамбарға естіртті» деп түсіндіреді4Және «Шура» сүресінің 51 аятының тәпсірінде былай деп өтеді: «Мысалы, Алланың Мұса пайғамбарға сөйлегені секілді. Алла Тағала өзі қалағандай және ол жерде үшінші біреу болмастан Мұсаның құлағына жаратылған дыбысты салды» дейді5.


1Имам Ғазали: «Қауаъидуль Ъақоид».
2Имам Ағзам: «әл-Фиқһуль Әкбәр» - Қоулун филь Құран.
3Имам Мәтуридидің тәпсірі («Тәуиләту Әһли суннә»). Ниса сүресі, 165 аят тәпсірі.
4Имам Мәтуридидің тәпсірі («Тәуиләту Әһли суннә»). Ниса сүресі, 165 аят тәпсірі.
5Имам Мәтуридидің тәпсірі («Тәуиләту Әһли суннә»). Шура сүресі, 51 аят тәпсірі.

Абдусамат Қасым