Алла Тағала не істейтінімізді әзәлдан алдын-ала білетін болса, неге бізді есепке алады?
Алла Тағала не істейтінімізді әзәлдан алдын-ала білетін болса, неге бізді есепке алады?
4 жыл бұрын 11186

Әссәлемуалейкум ұстаздар! Сұрағым-егер біздің тағдырдымыз алдын ала жазылып қойған болса, неге ақыретте сол ушін есеп береміз? Біздің қазірден бастап тозақтық не жәннәттық екеніміз белгілі ме?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, Алла Тағала кімнің не істейтінін, кімнің қайда баратынын әзәлдан алдын-ала біледі. Өйткені, кейбір нәрселерді Алла Тағала білмейді десек, Оның шексіз білгіштігіне күмән келтірген болар едік (Маъазаллаһ).  

Біз бізге берілген таңдау еркіндігін пайдалана отырып және бойға біткен күш-қуатты қолдану арқылы әлдебір іске барып жатамыз. (Ісімізді де жарататын Алла). Сол таңдауымызға орай о дүниеде есеп береміз. Теріс жолды таңдап, күнә іске барып жатсақ, жазасы бар. Игі істі істеуді таңдасақ, сауабы бар.

Осы тұрғыда, Алла Тағала кімнің теріс жолды таңдап опық жейтінін, ал кімнің дұрыс жолды таңдап сауапқа кенелетіндігін алдын ала біледі. Бірақ, оның алдын-ала білуі бізді ол істі істеуге мәжбүрлемейді. Біз оны өз таңдауымызбен істейміз. Құдай Тағала біздің ол істі жасайтындығымызды әзәлдан білетіндіктен тағдырға «пәленше осылай жасайды» деп жазып қояды. Бірақ, Алла Тағаланың алдын ала білуі және тағдырға жазуы бізді әлдебір істі істеуге мәжбүрлемейді.   

Мұны бір қарапайым мысалмен түсіндірейік. Мәселен, тәжірибелі, білікті бір мұғалім өзінің бірнеше жыл бойы оқытып келген оқушыларынан емтихан алған кезде, кімнің қандай баға аларын алдын-ала топшылап тұрады. «Пәленше бес алады, түгенше үш алады» деп ойлайды. Себебі өз оқушысының білім деңгейін біледі. Содан емтихан нәтижесі шыққан кезде, шынында да, мұғалім болжағандай: бес алады деген оқушы бес алды, үш алады деген оқушы үш алды делік. Енді сұрақ? Мұғалімнің алдын ала білуі бұл оқушының бес алуына немесе үш алады деген оқушының үш алуына мәжбүр етті ме? Етпеді. Оқушы өз білімімен бес алып отыр. Алла Тағаланың әзәлдән кімнің не істейтінін білуі де оны ол істі істеуге мәжбүрлемейді. Адам өз таңдауымен істейді.

Алла кімнің не істейтінін, қалай өмір сүретінін, о дүниеде қайда баратынын т.б. егжей-тегжейлі бәрін біледі. Сол білуіне сай тағдырға жазып қойған.

Осы орайда айта кетелік, бүкіл нәрсе Алланың алдын-ала білгеніне сай жүзеге асады. Алланың білуіне сай болмай шықты деген нәрсе жоқ. Алла қалай білген болса, айна-қатесіз солай болады. Өйткені, Алланың білуі өзгермейді.

Қорыта айтқанда, әркімге таңдау еркіндігі берілген. Оны «жүз-и ирада» дейміз. Пенде сол «жүз-и ирадасымен» істеген ісіне жауапты. Ал, тағдырда жазулы болуы пендені әлдебір іс істеуге мәжбүрлемейді. Өйткені, тағдырда «солай істейді» деп жазылады, «мәжбүрлі түрде солай істесін» деп емес.

Абдусамат Қасым