«Алла разылығы үшін» десе, сұрағанын беру уәжіп бола ма?
«Алла разылығы үшін» десе, сұрағанын беру уәжіп бола ма?
5 ай бұрын 2282

Әссәляму әлейкум! Егер біреу Алла разылығы үшін деп басқа адамнан көмек сұраса, ол адам қолқабыс етпесе періштелер оған лағынет айтады деген рас па?

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ислам діні көмекке мұқтаж мұсылманға қолдан келіп тұрса жәрдем беруді сауапты санаған. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Пенде өзінің дін бауырына жәрдемін тоқтатпайынша, Алла да оған жәрдем беруін тоқтатпайды»- дейді1. Сондықтан да, Исламның «ізгілік» түсінігінің іргесі «өзгеге жәрдем беру» негізіне қаланған. Көкірегінде жаны бар күлі махлұқатқа жақсылық істеушіге сауап бар делінеді хадисте. Сондықтан да, бір мұсылман «Алла разылығы үшін» деп көмек сұраса, оған қолдан келгенше жәрдемде болу мұстахаб амал, сауапты іс. 

«Алла ризалығы үшін» деп айтса, оның сұрағанын беру уәжіп болып қала ма? Алла ризалығы үшін деп айтқаны үшін ғана оған көмек беру немесе сұрағанын беру міндет болып қалмайды, бірақ мұстахаб болады, яғни, сауапты іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір асыл сөзінде: «Кім Алла ризалығы үшін сұраған болса, беріңдер!»- деген2. Алла елшісінің (с.а.у.) бұл сөзі оның «мұстахаб» екенін көрсетеді. Ибн Құдама (р.а.): «Алла үшін сұрағанға беру мұстахаб» деген3. 

Ал олай айтқан кісіге көмек бермеген адамға періштелер лағынет айтады деген мағынада сахих хадис жоқ, кездестірмедік. Бірақ бұған мағыналас мынадай риуаят кездеседі, бұл риуаят сахаба Әбу Мұса әл-Әшғариден (р.а.) жеткен. Онда былай делінеді: «Алланың жүзі үшін (Алла ризалығы үшін) деп сұраған кісі лағынеттелген, сондай-ақ, кімнен Алланың жүзі үшін деп сұраса, ал ол сұраушыға сұраған нәрсесін бермесе, ол лағынеттелген»4. 

Осы хадистен «Алла ризалығы үшін» деп Алланың есімін дәнекер қылып дүниелік бір істі сұраудың мәкруһ екенін түсінуге болады. Мысалы: «Маған мына нәрсені Алла үшін, Алла ризалығы үшін берші» деп дүниелік бір затқа «Алланың есімін қосып» сұрауы мәкруһ болады дейді дін ғалымдары. Өйткені, Алла елшісі (с.а.у.) бір сөзінде: «Алла разылығы үшін деп пейіштен басқа ештеңе сұралмайды» деген5.

Қорыта айтқанда, Алла ризалығы үшін деп бір нәрсе сұраған кісіге қолдан келіп тұрса, көмек беріп, оның қажеттілігін қамтамасыз еткен мұстахаб, яғни, сауапты іс, алайда аса мүшкіл жағдайдағы бір мұсылманға қолдан келіп тұрып, жәрдем бермеу мәкруһ болады. Осы тұрғыда, дүниелік бір істі «Алла ризалығы үшін» деп сұраудан сақтанған жөн, олай айтпай сұраған абзал.

А. Қасым


1  «Сихух Ибн Хаббан»; «Сахих Мүслім».
2  Имам Ахмед: «Мүснәд». Әбу Дәуід: «Сүнән».
3  Ибн Құдама: «Мүғни».
4  Табарани.
5  Әбу Дәуід: «Сүнән».